Жарияланды: 640

Қытаймен тату-тәтті көршілік қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының ең маңызды басымдықтарының бірі болып табылады - Назарбаев

Алматы. 7 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Қытаймен тату-тәтті көршілік қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының ең маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Синьхуа" агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Мен Қазақстан мен Қытайдың тату-тәтті көршілік және достық байланыстарының дамып жатқанына қанағаттанамын. Бұл біздің сыртқы саясатымыздың ең маңызды басымдықтарының бірі", - деп мәлімдеді Н. Назарбаев. Елбасы екі ел арасындағы бір-біріне деген сенім деңгейі өте жоғары екенін атап өтті. Мемлекеттік шекара мәселелері толығымен реттелген, Стратегиялық серіктестік қатынастарын орнату және дамыту туралы бірлескен декларация, ХХІ ғасырдағы ынтымақтастық стратегиясы және Экономикалық ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасы секілді аса маңызды құжаттарға қол қойылған. Олар Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы қатынастарды стратегиялық өзара ықпалдастықтың жаңа деңгейіне көтерді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай әртүрлі халықаралық және өңірлік құрылымдарда, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында сәтті ынтымақтасуды жалғастыруда. Шекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссия аясында жұмыстар жалғасуда. "Біз ынтымақтастықтың осы саласында айтарлықтай прогресс жасаудан үміттенеміз", - деді ҚР президенті. Екі ел арасындағы сауданы дамытудың жақсы үрдісін атай отырып, Н. Назарбаев Қазақстанның сыртқы саудасындағы ҚХР үлесі 10 пайыздан асатынын айтты. 2008 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің сауда көлемі 15 млрд АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін. "Қазақстан ынтымақтастықта, оның ішінде, энергетикалық және көлік салаларында жаңа қатынастар енгізуге ұмтылады. Бұл мұнай және газ құбырларын салуға, бірлескен өндірістерді құруға, темір жолдар мен автомобиль жолдарын салуға, оның ішінде, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" тас жолын салуға қатысты", - деп атап көрсетті Қазақстан президенті. Н. Назарбаев мәдениет және білім беру салаларындағы да ынтымақтастық белсенді дамып жатқанын еске салды. Мұрағат ісі, жоғары білім туралы құжаттарды екіжақты тану салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылған. Екі елдің жоғарғы оқу орындарының арасында тікелей қатынастар орнаған. "Біздің мәліметтеріміз бойынша, ҚХР оқып жатқан Қазақстан студенттерінің саны 3 мың адамға жеткен. Бұл екі жақты қатынастардың болашағына жақсы негіз болып қаланары сөзсіз", - деп есептейді Қазақстан президенті. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть