Қызылорда облысы күріштен рекордтық өнім алды - kaz.caravan.kz
  • $ 487.73
  • 558.99
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қызылорда облысы күріштен рекордтық өнім алды

Қызылорда облысы күріштен рекордтық өнім алды

Биыл күріштің әр гектарынан 51 центнер өнім алынып, ел қамбасына 395 мың тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. 

  • 19 Қазан 2014
  • 1142
Фото - Caravan.kz

Бұл еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары рекордтық көрсеткіш. Бұл туралы «Алтын күз-2014» мерекелік шарасында  Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық күріш өндіруші және қайта өңдеушілер қауымдастығыныңтөрағасы Абзал Ералиев өзінің Елбасыға арналған Үндеуінде мәлім етті.

  — Сіз «Алаштың анасына» балаған Сыр өңірінің әр саласында серпінді даму бар. Бүгінде кіші Аралдың айдыны шалқып, ТМД елдерімен қатар Еуропаға дейін балық өнімдері экспортталуда. Еуропа мен Азияның түйісу аймағында орналасқан Қазақстанның көліктік әлеуетін тиімді пайдалану үшін Сіздің бастамаңызбен салынған «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» автодәлізі аймақта өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін таяу және алыс шетелдерге тасымалдауға мүмкіндік туғызып, саланың өркендеуіне жаңа қарқын беріп отыр, — деді Елбасыға арналған Үндеуінде Абзал Жұмашұлы.

Өңірімізде басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарынан межелі өнім алынды. Келесі жылдың егісі үшін қажетті тұқым құйылып, төрт түлік малдың қысқа қажетті азығы жиналды. Облыс бойынша ірі қара мал 263,4 мың басты құрап, уақ малдың саны 609,4 мыңға жетті. Сүт өнімдерінің көрсеткіші 104 пайызға өсті.

«Алтын күз-2014» мерекелік шарасында  облыс әкімі Қ.Көшербаев облыстың ауыл шаруашылығы саласының еңбек озаттарын 27 түрлі номинациямен марапаттап, 150 мың теңге ақшалай және заттай сыйлықтар табыстады.  Сонымен қатар  «Мал шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен»-  Жаңақорған ауданы,  «Егін шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен» — Жалағаш ауданы,  «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде үздік жетістіктерге жеткен — Шиелі аудандары марапатталды. Ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең  жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Үздік аудан» номинациясы бойынша Бірінші дәрежелі дипломын  Сырдария ауданы иеленді.


Ауыл шаруашылығы саласының еңбек озаттарын марапаттау  салтанаты мерекелік концертке ұласты.