Жарияланды: 640

Қызылорда облысында мал қырылуына байланысты төтенше жағдай жарияланды

Жаңақорған ауданында арам қатқан қой саны мыңнан асқан. Індет көршілес жатқан Шиеліге де жетіпті. Ал ветеринарлар малға қырғидай тиген дертті анықтай алмай жатыр. Сондықтан өлекселерді бірден өртеуден басқа амал жоқ. Мал орнына өтемақы беріледі делінгенімен бұл беймаза жұрттың көңілін көншітпей тұр.

-Алдымен аузы көпіреді, одан кейін тісін қышырлатады, одан кейін іші өтеді, сосын температурасы көтеріліп қалтырап, дірілдеп тұрып өледі.

Бұған қоса малдың іш –құрылысын қанталап кетеді екен. Екі айдан бері қырылып жатқан қой ғана. Отардағы ешкі аман. Осы уақыт ішінде ауданның 120 ветеринары әлі нақты диагнозын таба алмай отыр. Ғылымға беймәлім аурумен шаруалар өз білгендерінше күресіп көріпті.    

Алшынбай Тұртанов, Шаруа қожалығының басшысы:

-Қазір салмағанекпеміз  қалмады. Алматыдан бір күнде жетеді дәрі. барлық  дәріні салып көріп жатырмыз.

-Ем жоқ?

-Аурудың аты жоқ қой, соқыр, әншейін емдей береміз. Әр нәрсені салып,  «ақыры өліп жатыр ғой» деп.

Арнайы комиссия өлген, ауырып тұрған қойлардан ғана емес, жем-шөп, су мен қорадағы топыраққа дейін сынамалар алған. Одан нәтиже шықпаса да, мамандар бірқатар шектеулерді жариялапты. 

Майнұр Беркінбаева, Жаңақорған аудандық ветеринарлық бақылау бөлімінің бас маманы:

-Малды шығаруға болмайды, өлген малды шикізатын өнімдерін пайдалануға   болмайды. Өлген малды  жүнімен қоса өртеп жіберу керек. Жою керек. Одан шықан қиды, биологиялық қалдықтардың бәрін сыртқа шығаруға болмайды, оларды тек өртеу арқылы жоямыз.

Мамандар алғашында мал обадан қырылды деген. Бірақ оған қарсы қолданған емнің шипасы болмағасын, « қой пастереллезге шалдықты»  деп шатқан. Алайда бұл кеселдің де емі қонбапты. Одан соң «энтеротоксомия» деген ауруға шалдыққан болуы мүмкін деп топшылап отыр. Қазақ «алаң»  деп атаған бұл дерттің де малға шипасы тимей тұр. Сөйтіп, өңірде төтенше жағдай жариялауға тура келген.

Шерхан Әшімов, Жаңақорған ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы:

-Қазіргі таңда ветеринарлық  қызметкерлер, ветеринарлық станция, аумақтық басқармалардың бәрі облыстық дәрежедегі ветеринарлық басқармалардың барлығы біздің ауру ошағы шыққан жайылымдарда жұмыс жасап жатыр. Өлген малдардың бәрін өртеп, көміп, эпизотиялық отрядтар дәрілеу жұмыстарын толық жүргізіп жатыр.

Тек Жаңақорған ауданында ғана мыңнан астам қой қырылған. Қазір кесел көршілес Шиеліге де жетіпті. Төрт- түлігінен айрылған шаруаларға  шенділер өтемақы төлейміз дейді. Алайда шаруалар диагнозы анықталмаған дерт ертең өзге малды да жалмай ма деп алаңдаулы. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін