Қызылордадағы бес қабатты тұрғын үйдің алпыс пәтерінде тұратын жүзден астам адамның шешілмеген жалғыз мәселесі бар. Олар жылдар бойы үйдің жертөлесіне су кетіп, бірде-бір рет тазартылмағаннан жылудан қағылып отыр.
Ғани Әлиев, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Халықтың барлығы құзырлы орындарды шақырып шаршадық дейді. Жылда бізге уәде береді. Осыны біз істейміз, ендігі жылы мынандай болмайды, бәрі жақсы болады. Асты белден су, ол өмірі тазартылған нәрсе емес. 4-5 жылдың көлемі болды, халықтың уже таусылып, барар жері қалмаған.
Ыстық су буланып, аязды күні кіре берістен бастап, үйдің шатырына дейін қырау басып, мұзданғанына тұрғындар үйреніп те қалған. Ал жылу үшін төленген қаржысы тікелей мағынада далаға кетіп жатқан көрінеді. Амалы таусылған жандар пәтер ішінде де оранып алып, сырт киіммен ұйықтауға мәжбүр.
– Осылай оранып ұйықтаймыз.
Тұрғындардың айтуынша қысы-жазы үйдің қабырғалары сызданып тұратындықтан үгіліте бастапты. Кірпішке саусақ ұшы тисе-ақ опырылып түседі. Сондықтан күндердің бірінде үйінде астында қалып қаламыз ба деп үрейленеді.
Роза Галиуллина, Қызылорда қаласының тұрғыны:
– Шіріп жатырмыз. 88-жылдан бері мен осы үйде тұрып жатырмын. Бір күні бәріміз өлеміз. Мынау не? Қырау жертөлені басып салды.
Қалалық әкімдіктегілер бұл үйдің жағдайымен таныспыз, бірақ қолымыз байлаулы дегенді алға тартуда. Былтыр 25 миллион теңге қажет деп сұрау жасалып, бірақ қаржы қаралмаған. Бірақ шенділер басталмаған жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз деп кезекті рет уәде етті.
Оразхан Абдуллаев, Қызылорда қалалық тұрғынүй инспекциясы бөлімінің басшысы:
-Жаңарту бағдарламасының тізіміне ілінген болатын. Алайда республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазіргі таңда республикалық бюждетке иісті өтімдер өткізілді. Қаражат бөлінген жағдайда жұмыстар жалғасын табады.
Қаржы бөлінгеннің өзінде бес қабатты тұрғынүйді ретке келтіру жұмыстары жақын уақытта бастала қоймас. Себебі аяз сынып, күн жылынғанша құрылыс жұмыстары атқарылса нәтиже шықпайды екен. Сондықтан Қызылорданың қақ ортасында жылудан тарылып, бүрсеңдеп отырған жандар көктемнің жылы лебін ғана күтуден басқа амалы жоқ.