Жарияланды: 50

Қызылордалық 3000-ға тарта оқушы «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтады

Қызылордалық 3000-ға тарта оқушы «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтады

Биылғы жылдың ақпан айында республика көлемінде мектеп оқушыларының арасында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы басталғаны белгілі.

Бүгінгі таңда байқауда бақ сынауға Қызылорда облысынан 3000-ға тарта оқушы ниет білдірген. Өрендерді 1400 ұстаз дайындауда, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

«Тұлпар мініп, ту алған!» ағарту жобасының Қызылорда облысы бойынша штаб жетекшісі Дәурен Омаров:

– Ағарту жобасының облыс аудандарындағы іріктеу кезеңі 16-26 қыркүйек аралығына жоспарланып отыр. Бүгінде барлық аудандардағы дайындық жұмыстары пысықталды. Әр ауданнан және қаланың өзінен жеңімпаз атанған 3 қатысушы, яғни, 1, 2, 3 орын иегерлері облыстық кезеңге жолдама алады. Облыстық кезең ағымдағы жылдың 2 қазанында өтеді. Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған қатысушыға 1 млн теңге, ал, оны дайындаған ұстазына 2 млн теңге беріледі. Бүгінгі күннің өзінде облысымызда жүздеген оқушы «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасын толық жаттап алған, - дейді.

Сондай-ақ, ол «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасы арнайы кітапша етіп шығарылып, байқаудың барлық қатысушыларына көмекші құрал ретінде тегін таратылғандығын атап өтті.

Дәурен Сейтжанұлы ағарту жобасына облыс бойынша барлық аудан ерекше дайындалып жатқандығын жеткізді.

– Қазалы ауданда қазірдің өзінде Гүлфайруз Әлішеваның шәкірттері, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің оқушылары Аймейір Әбдрахым, Гүлзира Қонысбай, Мейрамкүл Жөлекеш баптаған Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия оқушылары Азиза Айдарбекова, Айя Сердалы, Сұлтанғазы Томай жетекшілік ететін №88 мектептің абыройын арқалаған Жазира Нұрқаш, Айерке Төремұрат сынды оқушылар «Қобыланды батыр» жырын түгелдей жаттап алған, - деді ол.

Сол секілді, аталған аудандағы №238 мектептің 6 сынып оқушылары, егіздер Нұрталап және Ерталап Әмірбектер де жырды түгелдей жаттап алыпты.

Шараны ұйымдастырушылар «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бастамасымен тұңғыш рет өткелі отырған ауқымды жобаның негізгі мақсаты – жастарды «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» жырлары сынды xалқымыздың бай мұрасы негізінде тәрбиелеп, еліміздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру» дейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін