Теңіз кен орнындағы апат салдарынан жыл басында өсім баяулағанымен, сарапшылар екінші тоқсанда экономиканың қайта қарқын алғанын айтады.
Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) 2026–2028 жылдарға арналған өңірлік экономикалық шолуының (ӨЭШ) жаңартылған жазғы болжамын жариялады.
Жаңартылған есепке сәйкес, Қазақстан экономикасы 2026 жылдың қорытындысы бойынша 5 пайызға өседі деген болжам өзгеріссіз қалды. Қор сарапшылары жыл басындағы баяулауды уақытша құбылыс деп бағалап, оған Теңіз кен орнындағы технологиялық апат себеп болғанын атап өтті.
Олардың бағалауынша, екінші тоқсаннан бастап Қазақстан экономикасы қайта қалпына келе бастаған. Мұны жедел статистикалық деректер де растап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші – ішкі сұраныс. Сонымен қатар әлемдік нарықтағы шикізат бағасының қолайлы деңгейде сақталуы экспортқа оң әсер етуде.
ЕТДҚ Қазақстанда инфляциялық қысымның біртіндеп әлсіреп жатқанын да атап өтті. Осыған байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенімен, ақша-несие саясаты әлі де сақтық сипатында қалып отыр.
Қор мәліметінше, Қазақстанның валюта нарығы өңірдегі көптеген елдер сияқты тұрақты күйде. Теңге Ресей рублінің нығаюына байланысты АҚШ долларына қатысты да күшейді.
Сонымен қатар сарапшылар Қазақстандағы бюджет көрсеткіштерінің жақсаруы квазимемлекеттік сектор арқылы жүзеге асырылатын инвестициялардың артуымен қатар жүргеніне назар аударды.
Жалпы алғанда, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры өңір үшін тәуекелдердің әлі де сақталып отырғанын айтады. Олардың қатарында инфляция, әлемдік азық-түлік пен энергия бағасының құбылуы, сондай-ақ жоғары ішкі сұраныс бар.