Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 1988 жылы туған А.Магомедов мемлекеттік сатып алу саласында қылмысқа жол беріп, 25 417 000 теңге көлеміндегі қаражатты жымқырған. Сол үшін оған мемлекетаралық іздеу жарияланған.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, Магомедов жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы ретінде басқа тұлғалармен алдын ала келісіп алып, мемлекеттік сатылымдар веб-порталында көрсетілген заңды тұлға атынан хабарландырулар беріп отырған. Осылайша, серіктестік Оралдағы театрлардың бірімен, Қызылорда университетімен, Ақмола облысындағы Қатаркөл ауылындағы ауыл шаруашылық колледжімен және тағы да бірқатар осы тәріздес мекемелермен жүргізілген мемлекеттік сатып алулар бойынша бәйгені жеңіп алған.
Сол заңды тұлғалармен Магомедов тауарларды жеткізіп отыру туралы келісімшарт жасасқан. Оның шарты бойынша келісімшарттың жалпы құнынан 30 %-дан 50 %-ға дейін алдын ала төлем жасау қарастырылған. Серіктестік есебіне мұндай төлемдерден түскен қаражатты Магомедов өз қалтасына басып алып отырған, ал тауарды жеткізбеген. Осындай қитұрқы әрекетінің арқасында ол 25 млн. 417 мың теңгені иеленген.
«Экстрадициялық тексеру барысында Магомедовтың Ресей Федерациясының азаматы еместігі және РФ құзырлы органдарына азаматтық алу туралы өтініш білдірмегені анықталды»,- деп хабарлайды қадағалау мекемесінің қызметкерлері.
Магомедовтың іс-әрекеттері Ресейдің қылмыстық заңдарына сәйкес жазаға лайық болғандықтан, Саратов облысының прокуратурасы оны Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тапсырған.