Ресейден келетін бензинге тыйым салған министрлік баға өзгермейді деп сендірді - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ресейден келетін бензинге тыйым салған министрлік баға өзгермейді деп сендірді

Ресейден келетін бензинге тыйым салған министрлік баға өзгермейді деп сендірді

Бүгіннен бастап елімізге Ресейден бензин тасымалына тыйым салынды. Шектеу бір жарым айға созылмақ. Өйткені, көрші елден тонналап келген жанармай еліміздегі қоймаларға сыймай жатыр екен. Ал, жағдай дәл осылай жалғаса берсе, отандық мұнай өңдеу зауыттары шығынға батуы мүмкін. Қазір еліміздегі мұнай зауыттарының жағдайы онсыз да оңып тұрған жоқ дейді Энергетика министрлігіндегілер. Оларды жаңартуға қаржы жетпей жатыр. Сондықтан Үкімет шұғыл шара қолдануға мәжбүр болыпты.

  • 6 Наурыз 2015
  • 351
Фото - Caravan.kz

Алдағы бір жарым айда кәсіпкерлер Ресейден Қазақстан шекарасына  бір тамшы да бензин өткізе алмайды. Үкімет жанармай импортына қатаң тыйым салды. Әсіресе жұрт жиі тұтынатын АИ-92 маркалы бензин тасымалына шектеу қойылып отыр. Өйткені, рубль құлдырағанда Ресейден  тонналап тасылған арзан бензин еліміздегі қоймаларға сыймай жатыр екен.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

— Бүгінде еліміздегі жанармай жеткілікті. 460 мың тонна бензин бар. Бұл ішкі нарықтағы сұранысқа толық жетеді, тіпті жанармай қоры екі есеге артық. Сондықтан, сырттан келетін өнімге шектеу қойып отырмыз.

Жалпы, жоспар бойынша биыл еліміз Ресейден 1 млн. 100 мың тонна бензин импорттамақ. Осы көлемнен аспауымыз тиіс. Бірақ, кесте қазірдің өзінде бұзылып отыр. Сондықтан, егер тасымалға шұғыл тыйым салмасақ, отандық зауыттар белшеден шығынға батып, жұмысын тоқтатуы мүмкін, — дейді шенеуніктер. Қазір онсыз да Шымкент, Атырау, Павлодардағы мұнай  зауыттарын жаңартуға қаржы жетпей жатыр екен.

Ерлан Қойбағаров, «ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының орынбасары:

— Біз екі айда 15 миллион тонна мұнай өңдейміз деп жоспарлап едік. Бірақ, 700 мың тонна қара алтын өңделмей қалды. Ашып айтқанда, мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуға жұмсалатын қаржыны толық ала алмай отырмыз. Жағдай осылай жалғаса берсе, зауыттарды модернизациялау кейінге қалдырылуы мүмкін.

Ал, төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы 3-4 айда басталуы мүмкін. Қазір арнайы комиссия құрылып, мамандар жаңа кәсіпорынның өндірістік қуатын, салынатын жерін зерттеп жатыр. Сондай-ақ, шенеуніктердің шаруаларға да жағымды жаңалығы бар екен.


Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:

— Ауыл шаруашылығына арзандатылған жанармай беру сондай жоспарымыз бар, әрине оны орындаймыз. Мақсатымыз 99 теңге —  қазіргі баға, ауыл шаруашылығына біз 30 пайызға  кем, арзандатылған  дизель отынын береміз деген жоспар бар.

-Ал, импортқа қойылған шектеу бензин бағасына еш әсер етпейді екен. Жазға дейін жанармай құны тұрақты болады деп сендірді Энергетика министрлігіндегілер. Бірақ, шенеуніктер мұнай бағасының тұрақталып, Ресей рублінің күн сайын нығайып жатқанын ескерсек, жылдың екінші жартысында өзгеріс болуы мүмкін екенін жасырмады.