Таң алды.Жұрт шырт ұйқыда жатқан сәт. Ал бұл уақытта Байқоңырдан «Протон» ұшырылып жатты.
-40 секунд ұшырылым ойдағыдай. Басқарылуы да қалыпты.
Ресейдің ең қуатты байланыс спутнигін алып ұшқан сәт тікелей эфирден үлкен мақтанышпен көрсетіліп жатты. Төтенше жағдайда сол тікелей эфирдің үстінде орын алды. 9-шы минутта қозғалтқышы істен шыққан «Протон» бағытын өзгертіп төмен құлдилады. Кейін қара түнектің арасынан мүлдем көрінбей кетті.Жойқын апаттан кейін көрсетілім де шұғыл тоқтатылды.
— Штаттан тыс оқиға орын алды. Репортаж тоқтатылсын.
Құдай сақтап, «Протон» біздің елге құлаған жоқ. «Роскосмос»-тың айтуынша, зымыран Қазақстан аумағынан өтіп Алтай аймағымен шектесетін Қытай аспанына жетер жетпесте, күлі көкке ұшқан. Ал сынықтары улы гептилімен қоса ауада түгі қалмай жанып кетті деп сендіруде. Бұл уәжбен «Қазғарыш» агенттігі келісіп отыр.
Ербол Дәулетов, Ұлттық ғарыш агенттігінің ресми өкілі:
-5 минутқа жетер жетпесте Қазақстан аумағынан шығып кетеді. Екіншіден мұның зардабы зиянсыз. Үшіншіден бұл «Роскосмостың» тікелей» ішкі мәселесі» деп айтуға болады.
«Ішкі мәселе» дегенмен атышулы «Антигептил» ұйымы мүлдем келіспейді. «Протонға» мүлдем тиым салуды талап еткен табиғат жанашырлары бүгін агенттік төрағасы Талғат Мұсабаевты тағы жұмыс орнына іздеп келді.
Ұлан Шамшет, «Антигептил» ұйымының белсендісі:
-Осы біздің сөзімізге құлақ аспаған «Қазғарыш » агенттігінің төрағасы мұндай жағдайдан кейін адам азамат ретінде отставкаға кетуі керек. Егер кетпесе, біз оны Ресей агенті деп жариялаймыз. Себебі біздің қазақты қашанғы улауға болады?
Осы сауалға жауап аламыз деп келгендерге Мұсабаев әдеттегідей шықпады. Көмекшісін жібере салыпты. Оны ашуға булыққандар аяған жоқ.
-10 ай өтпей жатып тағы апат болды. Апатты күтіп отыруымыз керек пе? Неге талап қоймайсыңдар.
-Табиғат жанашырларының дүрлігуі бекер емес. Былтыр 2 шілдеде, «Протон» Байқоңырдан ұшқан бойда жарылып 600 тонна улы гептил төгілген болатын. Қоршаған ортаға келген залал 13 млд теңгеге бағаланғанымен Ресей оны әлі өтеген жоқ. Ал таң алдындағы апатқа байланысты Есілдің сол жағалауында ешқандай дүрлігу жоқ. Бұл жолғы «Протон» шекарадан әрірек барып құлады деп шенеуніктер алаңсыз отырған секілді.