Жарияланды: 560

РФ премьер-министрі Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық серіктестік серпінін жоғары бағалады

Астана. 8 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - РФ премьер-министрі Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық серіктестік серпінін жоғары бағалады. Бұл туралы ол бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Пекинде өткен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қазақстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Былтыр өзара сауда айналымы 16 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл жоғары көрсеткіш. Соған қарамастан, биыл өзара сауда көлемі 30 пайызға дейін өсті. Бұл Ресей мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамытудың тамаша перспективасы бар екендігін көрсетеді", - деді В. Путин. Өз кезегінде Н. Назарбаев: "Владимир Владимирович, біз сізбен сегіз жыл ішінде екі мемлекеттің қатынастары мен екі жақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін нығайту үшін, сондай-ақ, экономикалық байланыстардың өсе түсуі үшін өте көп нәрсе жасадық. Бұған біздің тұрақты және белсенді қарым-қатынасымыз ықпал етті. Мен Қазақстан мен Ресей президенттерінің жиі кездесуінің дәстүрі сақталғанына қуаныштымын. Біз Сізбен бірге экономикалық мәселелерді талқылау үшін бұдан былай да жиі кездесеміз деп үміттенемін", - деді. Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, әңгімелесушілер жоғары деңгейдегі қарым-қатынастардың жиілігі мен бір-біріне деген сенімділіктен көрінетін екі жақты саяси өзара ықпалдастық деңгейіне және экономикалық ынтымақтастық серпініне қанағаттанатындарын білдірді. Бұл ретте В. Путин Ресейдің жаңа президенті Дмитрий Медведев өзінің алғашқы шетелдік сапарын Қазақстанға жасағанын атап өтті. Бұл Ресейдің ТМД аумағындағы сыртқы саяси бағытының сабақтастығын көрсетсе керек", - деп жазылған хабарламада. "Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің олимпиадашыларына сәттілік тіледі", - деп атап көрсеткен Қазақстан президентінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ, Бүкілқытай халық өкілдерінің жиналысы ғимаратында болған ресми қабылдауға Қазақстан президенті жұбайымен бірге қатысқаны да айтылған. "Бүгін кешке Қазақстан президенті жұбайымен бірге Пекин Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысады", - деп атап көрсетілген хабарламада. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть