Риддерде көпқабатты үй тұрғындары наразылық білдіруде - kaz.caravan.kz
  • $ 477.11
  • 545.58
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Риддерде көпқабатты үй тұрғындары наразылық білдіруде

Риддерде көпқабатты үй тұрғындары наразылық білдіруде

Кеншілер қалашығы Риддерде құрылысы аяқталмаған көпқабатты үйге қоныстанған тұрғындар наразылық білдіруде. Үйдің салынбай қалған бөлігіне жақын тұрған пәтерлердің қабырғалары қақырап, сыз басқан. Ауласының да сиқы қашып, құрылыс алаңы қазір қоқыс үйіндісіне айналыпты. Ал жұрт 8 жылдан бері жергілікті әкімдікке арыз айтып, ештеңе өндіре алмай жүр.

  • 30 Қазан 2013
  • 287
Фото - Caravan.kz

Құрылысы аяқсыз қалған үйдің мына бөлігі бүкіл ауланың сиқын қашырғанына 8 жылдай болыпты. Қазір қоқыс үйіндісіне толған, ал қақырап тұрған қабырғаларында тіпті төтенше жағдайға арналған жаттығу өткізуге де әбден болады. Осыны айтып, тұрғындар біраз мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ, оқыс оқиға болмай орнынан қозғалмайтын бастықтар тым бейқам отыр.

Татьяна Иралева, Риддер қаласының тұрғыны:

 Менің көз алдымда екі бетон қабырға құлап түсті. Абырой болғанда маңайда ешкім жоқ еді.

Нұржігітовтар отбасы осыдан жеті жыл бұрын мына пәтерге қоныстанғанда қуаныштарында шек болмапты. Кеншінің отбасы ол кезде үйдің бір бөлігі әлі аяқталмай тұрғанын елемеген. Бірақ құрылысшылар нысанды салып бітірместен тарап кетіпті. Қазір үй иелерінің күндіз-түні төбедегі аққан тамшыны аңдумен уақыты өтіп жатыр. Ал пәтердің салынып бітпеген тұсындағы қабырғалары кез-келген уақытта құлағалы тұр.

Қаланың қақ ортасында тұрса да жылдар бойы жыры бітпеген осы үйдегі оннан астам отбасы кімге шағынарын білмейді. Аулада шашылып жатқан құрылыс материалдарынан аяқ алып жүру былай тұрсын, енді қирандыны қаңғыбастар мекендей бастапты.


Ермек Уәлиханов, Риддер қаласының тұрғыны:

Жанына жолауға болмайды. Антисанитария. Ішінде өлген ит. Өлген мысық жатыр. Жағдай өте нашар. 

Тұрғын үйдің бітпей қалған бөлігінің қожайыны да бар болып шықты. Алайда оның өзі ғимараттың құрылысын аяқтау үшін жергілікті әкімдікке жалынып, алақан жайып отыр.  

Сергей Андреев, кәсіпкер:

 Әкімдіктегілерге бірнеше рет ұсыныс жасадым. Бұл үйдің құрылысын аяқтауға көмек беріңдер деп. Жаңа пәтерлерге дәрігерлерді қоныстандырайық дедім.

Жергілікті әкімдік пен кәсіпкер тіл табыса алмай жатқанда, тұрғындар өз дегендерінен қайтпауға бел буған. Олар енді сотқа арызданып, шенеуніктерді де, кәсіпкерді де жауапқа тартуды сұрамақ. Сүйтіп, бүйірі опырылып тұрған баспаналарын бүтіндеп алмақ ойда. Бірақ бұл бастамаларының да сәтті шығарына сенім аз.