«Самокат, вейп, лудоман». Қазақстанда басқа мәселе құрып қалды ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Самокат, вейп, лудоман». Қазақстанда басқа мәселе құрып қалды ма?

«Самокат, вейп, лудоман». Қазақстанда басқа мәселе құрып қалды ма?

Қазақстанда әлеуметтік мәселелер аз емес. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық, моноқалалар мен өңірлерде жұмыс орындарының жетіспеушілігі, жасөспірімдер қылмысы, нашақорлық т.б. Алайда депутаттардың сөйлеген сөзі мен талқылаған заңнамалық идеясына қарап елде вейп, электрлі самокат немесе құмар ойыншыдан басқа маңызды түйткіл жоқ сияқты.

  • 9 Қаңтар
  • 6595
Фото - Caravan.kz

Қазақстандық заң шығарушы органның рулетка, самокат және вейпке уақыт жұмсағанша қоғам мен мемлекеттің шынымен де толғауы терең түйткіліне назар аударуына не кедергі, деп жазды Caravan.kz vмедиа порталы  Abai.kz-ке   сілтеме жасап. 

Жанұядағы жанжалға қатысты күніне 300 шағым

20 қараша күні Бас прокуратура ІІМ-мен бірлесіп, жаға ұстатарлық жайтты жайып салды: жанұядағы жанжалға қатысты күніне полицияға шамамен 300 шағым түседі. Жуан жұдырықты оспадар күйеуден балалар да зәбір көреді екен. Бұл белгілісі ғана, «102»-ге қоңырау шалмай, жылы жауып қоятыны қаншама?

Биылғы 10 айда 50 мың отбасылық тиран әкімшілік жауапкершілікке тартылса, тағы 700-ден астам тұрғынға қылмыстық іс қозғалды. Үрейлі статистика. Бірақ бұл сотқа жеткендері ғана екенін естен шығармайық. Әлеуметтанушылар мұның ауқымы іс жүзінде 15-20 есе үлкен деп санайды: көп әйел тәртіп сақшыларына жүгінуден қорқады немесе олардың шағымы еленбейді. Прокуратурада Қостанай облысында әйел күйеуінің қолынан қаза болмас бұрын 49 рет полицияға жүгінгені туралы айтылды. Заңгерлер тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың төркінін полицейлердің салғырттығы ғана емес, шұғыл түрде өзгертілуге тиіс шикі заңдардан көреді. Мысалы, бөтен адамның денсаулығына орташа және ауыр зиян келтірсең қылмыстық бап бар, ал отбасы мүшесіне келгенде бұл сұмдық (тұрмыстағы зорлық-зомбылық) неліктен әкімшілік іске жатады?

Бұл заң шығарушыларға жүктелген кезек күттірмес міндет. Бірақ біздің мәжілісмендер мүлде басқа мәселеге бас қатырады. Мысалы, бір айдан бері электрлі самокатпен жүру үшін жүргізуші куәлігі керек пе, жоқ па деп дал болуда. Олардың жасына шектеу қоюы тіпті, күлкілі жайт. Көпшілік электрлі самокаттың электр қозғалтқышынан басқа кәдімгі велосипедтен қандай айырмашалығы барын түсінбей отыр. Жылдамдығы да бірдей, көлемі де ұқсас. Ендеше велосипедшілерден де жүргізуші куәлігін талап етейік. 18 жасқа толмағандарға тыйым салайық, велосипедін тартып алайық. Парламенттегі «данышпандардың» бұдан басқа айналысатын ісі жоқ қой!

Есірткіге елтіген есіл ғұмыр

Нашақорлық та күн санап қанат жайып барады. Кез келген жасөспірімге қолжетімді «тұз» деп аталатын синтетикалық есірткі оқушылар мен студенттер арасында кең таралды. Ең сорақысы, бұған жастар ғана әуес емес екен. Ауыр нашақорлықпен ауыратын анонимді пациенттер қалпына келтіру терапиясы курсынан өтетін ірі рехаб директоры сұхбатында айтқандай, оның клиенттері арасында табысты менеджерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер бар. «Синтетика» алғашқы қабылдаудан бастап тұрақты тәуелділікті тудырады, адам оны бірнеше жыл бойы тұтынуы мүмкін, бұл қалыпты жайт көрініп, әдеттегі өмір салтын ұстанады. Айналасындағылар оның нашақор екенін білмеуі мүмкін. Алайда бұл жандардың ғұмыры тым қысқа, ең көбі 3-5 жыл өмір сүреді. Уақыт өте келе тәуелділік күшейіп, психикалық бұзылысқа әкеледі де бұл әдетте, жүректің тоқтап қалуымен аяқталады: синтетикалық препараттар тұрақты тахикардия мен аритмияны тудырады, бұған жас ағзаға да төтеп бере алмайды.

Бұл мәселені заң шығарушы органның түбегейлі шешетін уақыт келді-ау? Мәселен, Қытай, Филиппин және т.б. елдердің тәжірибесін қарасақ, қатаң жазалау арқылы есірткі сатушыларға шек қоя алды, ал Қазақстанда салыстырмалы түрде солқылдақ заңдар мен құқық қорғау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың кесірінен келеңсіз жайт жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап отыр.

Ажал апанына итермелейтін есірткіге қарсы күресудің орнына, мінбердегі мәжілісмендер екінші жыл бойы вейпке шүйлігіп отыр. Жасөспірімдердің электронды темекіге тәуелді екені түрткі болып, тыйым салуға кіріскен. Әйтсе де вейп әу баста кәмелетке толмағандарға арналып жасалмаған. Бұл ересек темекі шегушілерге зиянды азайтудың балама өнімі ретінде жасалған – дәрігерлер темекі түтінінде қатерлі ісік пен өзге де ауруларды қоздыратын зиянды заттар бар екенін дәлелдеді. Никотинсіз түтінге жол ашқан электронды темекі әлемде қаупі азырақ өнім болып саналады. Дамыған елдерде билік мұны зиянсыз алмастырғыш ретінде белсенді түрде насихаттайды. Тілге тиек етсек, Ұлыбританияда мұндай тәсілдің арқасында ересек тұрғындардың 10%-ға жуығы темекі шегеді (ал 2010 жылы жартысына жуығы темекі шегетін). Бұл ретте, қазақстандық заң шығарушылар вейпке толық тыйым салуды ұсынудан басқа ештеңе ойлап таба алар емес. Сонда олардың пікірінше, адамдардың кәдімгі темекі шегіп, улана бергені жақсы ма?

Темекі мен ішімдік сияқты вейп те ересектерге арналған өнім. Естеріңізде болса, 10-15 жыл бұрын елімізде оқушылар қазіргідей бір рет қолданылатын қарапайым темекі тартуға көшкен еді, бірақ соған байланысты ешкім темекіге тыйым салуды ойлаған жоқ. Я болмаса жасөспірімдер ішпесін деп ішімдікке шек қоймады. Мұндағы мәселе оны тиімді реттеуде болып тұр: жасөспірімге ешбір жағдайда вейп, темекі немесе ішімдік берілмеуі үшін заңнамалық база құру қажет. Бұл заң шығарулардың ісі, ал оны орындау, сауда нүктелерін бақылау мемлекеттік деңгейде кәсіби түрде шешілуге тиіс міндет. Бұл мәселеде популизм қажет емес.

Жаңаөзен, Теміртау, Шахтинск: жұмыссыздық және шахтадағы жарылыс

Жастар үшін жұмыссыздық пен әлеуметтік лифттің болмауы, әсіресе, атышулы Жаңаөзен сияқты жекелеген моноқалада өзекті мәселе болып қала береді. Билік әлеуметтік шиеленісті ауыздықтау үшін қанша шара қолданса да, нақты нәтиже жоқ. Ірі өнеркәсіп саласындағы жұмыс берушілерді (Жаңаөзендегі мұнай өндірушілер немесе Шахтинск пен Теміртау сияқты тау-кен секторы) көбірек жұмыс орындарын ашуға мәжбүрлеу туралы толғақты түйткілге өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы мәселе қосылады. 46 кеншінің өмірін қиған және соның нәтижесінде Қазақстан Үкіметі мен үнді магнаты Миттал арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына әкеп соқтырған Теміртаудағы жақында болған қайғылы оқиға еңбек қауіпсіздігі мәселесінде неғұрлым қатаң әрі жүйелі заңнамалық базаны қалыптастыруға мәжбүрлейді. Сонда Миттал сияқты инвесторлардың адам өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарауына жол берілмеуші еді.

Мұның бәрі кәсіби заң шығарушыларға азық емес пе? Болғанда қандай! Бірақ біздің депутаттар корпусы оның орнына карта, лотерея және рулетка сияқты тақырыптан аса алмай жатыр. Лудомания туралы мәжілісмендер күн сайын дерлік сұхбат береді, теледидардан түспейді, жаңалықтарға жылтыңдап шыға береді.

Әлеуметтік деректер Қазақстанда дамыған елдерге қарағанда құмар ойыншылардың саны аз екенін көрсетсе де, құмар ойын мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Карта мен рулетка мыңдаған отбасының ойранын шығарған ұрдажық отағасынан қорлық көрген әйелдер мен балалардан немесе 20-25 жасында есірткіден ажал құшқан жауқазын жастардан я болмаса бірқатар қала мен бүкіл аймақтағы жаппай жұмыссыздыққа қарағанда маңызды ме еді?

Қазақстандық заң шығарушы органның рулетка, самокат және вейпке уақыт жұмсағанша қоғам мен мемлекеттің шынымен де толғауы терең түйткіліне назар аударуына не кедергі екен? Түсініксіз…

Соңғы жаңалықтар