Сапарбаев сенат депутаттарын халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің даму нәтижесі мен болашағы жөнінде хабардар етті - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+9 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сапарбаев сенат депутаттарын халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің даму нәтижесі мен болашағы жөнінде хабардар етті

Сапарбаев сенат депутаттарын халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің даму нәтижесі мен болашағы жөнінде хабардар етті

Астана. 18-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев ҚР парламент сенатының, сондай-ақ, Ақмола облысының Атбасар, Есіл, Жақсы, Жарқайың және Сандықтау аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі аталмыш министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

  • 18 Ақпан 2008
  • 842
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, министр жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдеріне елдегі халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің даму нәтижесі мен болашағы жөнінде таныстырды.

«Министр қазіргі күні негізгі әлеуметтік бағдарламаларды, атап айтқанда, әлеуметтік реформаларды әріқарай тереңдету, еңбек қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуын орындау аяқталғанын атап көрсетті», — деп көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Атап айтқанда, президенттің 2007 жылғы жолдауына сәйкес, үкімет зейнетақы төлемдерінің мөлшерін сараланған түрде ұлғайтудың екінші кезеңін өткізу туралы шешім қабылдаған. «Зейнетақы төлемдерінің көлемін ұлғайту барлық зейнеткерлерді қамтыды. 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушы зейнеткерлердің жыл сайынғы жинақтарын төлеу 100 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда Қазақстанда зейнетақының ең төменгі мөлшері 12 110 теңгені құрады (18% өсті), зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері — 17 870 теңге (29% өсті), ал ең жоғарғысы — 26 110 теңге болды», — деп атап көрсетті баспасөз қызметіндегілер.

Сондай-ақ, министрліктің ақпаратына сүйенсек, бала тууына байланысты бір реткі төленетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері екі есе — 16380 теңгеден 35040 теңгеге дейін өсті. Бір жасқа дейінгі бала күтіміне қатысты ай сайынғы жәрдемақы айтарлықтай ұлғайтылды.

Сонымен қатар, жүктілік, бала туу және ана болуды міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік және бала тууға байланысты демалыс алған барлық күндері үшін орташа айлақ жалақы көлемінде, сонымен қатар бір жылға дейін бала қарау кезінде орташа айлық жалақының 40 пайызы көлемінде төлем төлеуге мүмкіндік береді»,- деп атап өтті министрліктегілер.

Жыл басынан бері 1998 жылдың 1-қаңтарына дейін зиянды және ауыр еңбек жағдайында өз еңбек өтілін орындаған адамдар үшін 8 АЕК (9344 тенге) көлемінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы енгізілген.

Биыл ҚР «Мемекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын парламентке енгізуге дайындық жүріп жатыр. Ол қандай да бір себептермен жұмысынан айрылған адамдар кедейшілік шеңберінен өз беттерімен шыға алулары үшін жұмысқа қайтып оралуына жағдай жасауға бағытталған.

«2007 жылмен салыстырғанда 2012 жылы зейнетақының орташа мөлшері өсетіндігі, атап айтқанда, 2009 жылы 25%, 2010 жылы — 25%, ал 2011 жылы 30% ұлғаятыны қарастырылып отыр. 2011 жылы базалық зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50% дейін жеткізілмек. 2009 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы мемлекеттік жәрдемақы жыл сайын 9% өсіп отыратын болады. 2010-2011 жылдары кезең бойынша бір жасқа дейінгі балаларды күту бойынша әлеуметтік жәрдемақыны 2007 жылмен салыстырғанда 2,5 есе ұлғайту көзделіп отыр. 2010 жылдан бастап төртінші және одан кейінгі туған балалар үшін бір реткі жәрдемақы мөлшері 4 есе көп берілетін болады. Бюджеттік сала қызметкерлерінің айлық жалақысын 2011 жылға дейін екі есе, оның ішінде, 2009 жылы — 25%, 2010 жылы — 25%, 2011 жылы — 30% ұлғайту тапсырылған. Оралмандар үшін квота мөлшері 20 мың жанұяға дейін көбейеді», — деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

«Елбасы тапсырмасын іске асыра отырып үкімет қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен стандарттарын жоғарылату саясатын жүргізіп отыр», — деді министр депутаттарға.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті