Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
-Тұрмыстық деңгейдегі араздық қой. Алдын-ала болжам бойынша, төбелеске 145 адам қатысқан. Оның 65-і ауруханаға жатқызылды. Жараланғандар қазір Аягөз бен Өскемендегі емдеу мекемелерінде жатыр. Өмірлеріне төнген қауіп жоқ.
Қазір қып-қызыл төбелес болған «Kaz minerals» корпорацияның тау-байыту комбинатын тәртіп сақшылары әлі күзетіп тұр. Өндіріс тоқтатылмаған. Бірақ, жағдай тынышталғанымен облыс әкімі Даниял Ахметов, Ішкі Істер департаментінің бастығы мен прокурорлар әлі оқиға орнында. Ал төбелесті асханада тамаққа тоймай қалған Қытай азаматтары бастапты. Гастарбайтерлер қосымша тамақ талап етіп, аспазға жұдырық ала жүгірген. Кейін оған жергілікті жұмысшылар араша түсіп, соңы жаға жыртыспен тынды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.