Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметінен хабарлады.
Бұл жолы «Сәтті қадам» жобасына қатысушы Диас Доголаков Көкшетаудағы «Тыныс» АҚ-да үш ай тәжірибеден өтіп, осында слесарь ретінде тұрақты жұмысқа орналасты. 23 жастағы жігіт өткен жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін машина жасау инженері мамандығы бойынша тәмәмдайды. Алайда, қолына дипломын алған оның жұмысқа бірден орналасуына сәті болмайды. Кейін таныстарынан «Сәтті қадам» жобасы жөнінде естіп біледі. Оның осында жұмысқа орналасуына да осы жоба себеп болған.
«Жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болмаған соң «Сәтті қадам» жобасына қатыстым. Ондағылар мені әңгімелесу кезеңінен өткеннен соң, зауытқа тәжірибе жинақтау үшін жіберді. Сөйтіп, аталған зауытта үш ай бойы механика құрастыру цехының инженер-технологы ретінде сынақтан өттім. Нәтижесінде кәсіпорын басшылары мені слесарь ретінде тұрақты жұмысқа қабылдады. Жұмысым өзіме ұнайды, өте қызықты. Жастардың өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін партиялық жобаға алғысым зор», дейді Д. Доголаков.
Еске сала кетсек, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының «Сәтті қадам» жобасы Ақмола облысында 2013 жылдың 5 қарашасынан бастау алды. Сол кезде, «Жас Отан» жастар қанаты ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуына жағдай жасау үшін аймақтық мемлекеттік мекемелермен және ұлттық компаниялармен өзара келісім жасаған болатын.