Сәуле Әбілдаханқызы Маңғыстаудағы ереуіл туралы: "Бес жыл бұрын олар өз еріктерімен үлкен көлемде өтемақы алып, жұмыстан шыққан" - kaz.caravan.kz
  • $ 487.37
  • 532.94
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
13 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сәуле Әбілдаханқызы Маңғыстаудағы ереуіл туралы: "Бес жыл бұрын олар өз еріктерімен үлкен көлемде өтемақы алып, жұмыстан шыққан"

Сәуле Әбілдаханқызы Маңғыстаудағы ереуіл туралы: "Бес жыл бұрын олар өз еріктерімен үлкен көлемде өтемақы алып, жұмыстан шыққан"

Журналист Сәуле Әбілдаханқызы Англияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер туралы айтып, сөзін Маңғыстаудағы ереуілмен аяқтады.

  • 20 Желтоқсан 2023
  • 130
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Жақында Маргарет Тэтчердің өмірі баяндалған 2011 жылғы «Темір ханым» фильмін көрдім. Жақсы туынды, көруге кеңес беремін. Басты кейіпкерді тұлға ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де аша білген.

Қысқаша айтсам, фильмде оның 1979-1990 жылдардағы Ұлыбританияның премьер-министрі қызметін атқарып жүрген кезі баяндалады. Бейбақтың басынан не өтпеген?!. Қызметке өте қиын кезеңде келіпті. 1980 жылдардың басындағы кеншілер ереуілі, экономикалық дағдарыс пен Аргентинамен болған Фолкленд соғысы. Бұл қырғи қабақ соғыс кезінде орын алған жайттар екенін ескерсек, Тэтчер елді күрделі кезеңде билеген екен.

Фильмнен кейін кімнің болса да басты кейіпкерге деген көзқарасы оң болады деп ойлаймын. Ол саясаткердің басты қасиеті – ел мүддесін қорғау екенін ашып көрсетті. Өткінші сезімге бой алдырмай, болашаққа көз жүгірте білу қажеттігін дәлелдеді.

Иә, Ұлыбританияда Тэтчерге деген көзқарас әлі күнге біржақты емес. Бірақ «Темір ханым» деген атағына ешкімнің таласы жоқ. Тэтчер еуропалық мемлекетті тарихи қиын кезеңде басқарды. Бірақ кез келген сын сағатта ақылға салып, қатаң да болса оң шешім шығара білген.

Тіпті, шахтерлар ереуілін алып қарасақ та, халық әлі күнге Тэтчерді жағымсыз тұрғыда еске алады. 1984 жылдың көктемінде Ұлттық көмір өндірісі басқармасы 174 мемлекеттік шахтаның 20-сын жауып, 20 000 адамды жұмыстан шығаруды ұсынады. Ал бұл салада 187 мың адам жұмыс істеген, бұл, әрине, наразылық тудырды.

Кеншілер ереуілге шығады, ал жазда олардың қатарын көлік пен металлургия салаларының жұмысшылары толықтырады. Ереуіл басқа аймақтарға тарайды. Бірақ Тэтчер мемлекетке шығын әкеліп отырған кәсіпорындарды сақтап қалу туралы ереуілшілердің талаптарын қанағаттандырудан бас тартады.

Бір жылдан кейін кеншілер ереуілін тоқтатады. Олардың ереуілі ел экономикасына 1,5 млрд фунт стерлинг көлемінде шығын әкеледі, соның салдарынан тіпті фунт стерлинг құнсызданады. Ақыры үкімет талаптарға көнбей, 1985 жылы тиімсіз деп танылған 25 шахтаны жауып тастайды, ал 1992 жылға қарай олардың саны 97-ге жеткен. Қалған кен орындары жекешелендірілген.

Егер тарих тұғырынан көз жүгіртсек, 40 жылдан кейін Тэтчердің шешімі дұрыс болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ол «темірдей шешім» шығарып, өз дегенінен қайтпай, мемлекет мүддесін, яғни қоғам мүддесін қорғай білді. Нәтижесінде, экономика да, қоғам да ұтылмады. Бюджет ұзақмерзімді шығын көрмеді. Ал жұмыссыз қалғандардың біразы қайта оқып, басқа мамандыққа ауысты.

Осы тұста біздің батыстағы ереуілдер еске түседі. Маңғыстаудағы ереуілдерді алып қарасақ, West Oil Software жұмысшылары оларды «ҚазМұнайГазға» қайтадан жұмысқа алыңдар деп талап етуде, ал шындап келгенде осыдан бес жыл бұрын олар өз еріктерімен үлкен көлемде өтемақы алып, жұмыстан шыққан.

Ал Тэтчер осы жағдайда не істер еді? Олармен сөз таластырып жатар ма еді? Мұнайшылардың жолды жабамыз деген манипуляциясына көнер ме еді? Меніңше, ешқандай жеңілдік бермес еді. Себебі олардың талабы нарыққа қарсы, бюджетке шығын. Тек бізде осыны ашып айтпайды. Тағы ереуіл басталады деп аяқ тартады. Ал шындап келгенде мемлекет, яғни халық мүддесі бәрінен жоғары болуы тиіс.

Бұл ойға келісерсіз не келіспейтін шығарсыз. Бірақ фильмді көруге кеңес беремін. Ой түйесіз", — деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.