Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысы Қарасай ауданындағы көлік кептелісі жиі болатын Алматы – Қаскелең тасжолын кеңейту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігі.
Республикалық маңызы бар Алматы – Бішкек автомобиль жолының 19-27 шақырым аралығын қайта жаңғырту және кеңейту жобасы қолға алынды.
«Бұл жолмен тәулігіне 70 мыңнан астам автокөлік қатынайды. Қазіргі төрт жолақты жолдың өткізу мүмкіндігі жеткіліксіз. Соның салдарынан көлік кептелісі жиілеп, қозғалыс жылдамдығы төмендеді. Бұл Алматы қаласы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы көлік байланысына кері әсерін тигізіп отыр», – деді әкімдік.
Жоба аясында жол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар, «таға» тәрізді екі жолайрық, тоғыз жерүсті жаяу жүргінші өткелі салынады. Жол бойына тротуарлар салынып, заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылады.
Бұдан бөлек, газ құбырлары, су және электр желілері, байланыс инфрақұрылымы қайта жаңартылады. Жолға күрделі үлгідегі жаңа жабын төселеді.
Әкімдік мәліметінше, жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2026 жылдың сәуір айында алынған.
«Қазіргі уақытта Алматыда Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін созылатын алты радиалды жол мен жеті магистральдық көшені салу және ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар метро, LRT және SkyTrain жүйелерін дамыту жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады облыс әкімдігі.