Жарияланды: 290

Селден зардап шеккен Алматы тұрғындарына тегін дәрі-дәрмек таратылды

Мұнда қазір еріктілер мен дәрігерлер қызу жұмыс атқарып жатыр. Жылжымалы медициналық кешенге мамандар қаланың барлық емханалары мен университет кафедраларынан шақыртылыпты. Офтальмолог, инфекционист пен психологқа дейін бар. Селден жапа шеккен жұртқа да негізінен осы сала мамандарының көмегі қажет екен.

Несіпхан Тынышбаеваның үйі селден аман. Лай мен тастар ауласынан алысырақ ағыпты. Бірақ қатты шошып, қан қысымы көтеріліп кеткен. Сыр берген жүрегі әлі де маза бермей жүр. Бүгін іздеген дәрігерлері үйінің алдына келді.

Несіпхан Тынышбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

-Қалаға 4-ші емханаға  баратынбыз. Орбитаға. Ол бізге өте қиын. Әсіресе, мына жасы келген үлкен адамдарға, ал жастар барса болатын шығар енді. Кезек болса да қабылдады бізді, қарады. Мен мысалы, жүрегімнен тексерілдім, терапевтке қаралып шықтым.

Жылжымалы медициналық кешеннің ішінде жүректі кардиограммаға түсіріп, дәрігердің кеңесін алуға әркімнің мүмкіндігі бар. Әрі су тегін. Кардиологтар көлік ішінде науқастарды қабылдаса, өзге мамандар жергілікті емхана ғимаратында тұрақтапты. Сел жүрген аудан жұрт әбден шоршып қалған екен. Сондықтан көбі психологтың көмегіне жүгінді.

Нұрлан Нұрғазиев, психолог:

-Біздің психологтарға қаралған адамның саны 45. Осы қаралған 45 адамда көбінесе қорқыныш, депрессиялармен жүрген адамдар. Соларға біздер психологиялық көмек көрсетіп жатырмыз.

Ресми мәлімет бойынша Наурызбай ауданында 1531 адам, ал Алатау ауданының 497 тұрғыны селден зардап шеккен. Барлығы баспанасын тастап дәрігерге келе алмасы анық. Сондықтан арнайы медициналық бригадалар аула-аулаларды өздері аралап жүр. Тұрғындардың басым бөлігі бас ауруы, артериялық гипертония, терінің қышуы мен жедел респираторлық вирустық инфекцияға шағым айтқан. Ал апат орнында жұқпалы аурулардың тарауына жол бермес үшін дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін