Селден зардап шеккен аудан тұрғындары ішкі істер министріне алғыс білдірді - Алматы
![]() |
Алматыда болған апат салдарынан зардап шеккен Наурызбай ауданының тұрғындары ҚР ІІМ-нің блогына хат жазып, алғыс білдірді. |
ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың атына жазған хаттарында тұрғындар Ұлттық ұлан жауынгерлерінің елді мекен тұрғындарына көрсетіп жатқан көмегіне ризалығын білдірген.
«Сәлеметсізбе, құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы! Алматы қаласы Наурызбай ауданы Қарағайлы елді мекенінде апат болғанда бізге көмек көрсеткен 28237 әскери бөлімінің 1-құтқару батальонына алғыс білдіргіміз келеді. Жігіттер қиындықты бізбен бірге көтеріп, жандарын сала көмектесті. Өз міндеттерін адал атқарды. Командирлер солдаттарды нақты тапсырмалармен бағыттап отырды. Сарбаздар соған сай шапшаң қимылдап, нәтижелі жұмыс атқарды», деп жазды Қарағайлы ауылының тұрғыны Гүлвира Сыздықова.
Ұлттық ұлан жауынгерлеріне сонымен қатар, №188 орта мектеп ұжымы да алғыс білдірді.
«Мектеп мұғалімдеріне көмекке алғашқы болып Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жауынгерлері келді. Атап айтқанда, 28237 әскери бөлімінің сарбаздары. Құтқарушылардың жалпы жұмысына ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы генерал-майор Андрей Каскеленов басшылық жасады. Командирлерінің жүйелі басшылығы арқасында солдаттар қысқа мерзімде берілген тапсырмаларды орындап шықты. №188 мектеп директоры, педагогикалық ұжым атынан әскери бөлім басшыларына алғыс білдіреміз», делінген мектеп ұжымының алғыс хатында.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 28237, 52859 әскери бөлімдерінің сарбаздары Наурызбай және Алатау аудандарындағы көшелер мен әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй аумақтарын ағын сумен келген лай, батпақтан тазартуда.
Осы уақытқа дейін 28237 әскери бөлімінің 330 жауынгері мен Қарағанды қаласынан келген 52859 әскери бөлімінің 146 жауынгері осы 15 күн арасында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды 15 мың тоннаға жуық тас аралас лайдан тазартты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін