Жарияланды: 1200

Семей ядролық полигонының Павлодар облысына қосылған аумағында радиологиялық зерттеулер жүргізілуде

Семей ядролық полигонының Павлодар облысы Май ауданына қосылған аумағында радиологиялық зерттеулер жүргізу мақсатына арнап 2003-жылы облыстық бюджеттен 15,9 миллион теңге бөлінеді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Павлодар облыстық табиғат қорғау бағдарламалары департаментінің өкілі хабарлады.

Бұрынғы Семей ядролық полигонының территориясын үш облысқа бөлгенде аумақтың біраз бөлігі Павлодар облысы Май ауданына қосылған болатын. Павлодар облыстық табиғат қорғау бағдарламалары департаменті өкілдерінің айтуынша, ауданға қосылған аумақта радиациялық ластану деңгейін анықтауға бағытталған зерттеулер жүргізілмегендіктен , оны шаруашылық мақсатта пайдалану немесе халықты қоныстандыру мүмкін болмай отыр. Бұрынғы полигонның Май ауданына қосылған аумағының 800 шақырымдық бөлігінде 2002-жылдан бері радиациялық мониторинг жасалуда. Осындай мониторинг жүргізу жөніндегі тендерді Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының Радиациялық қауіпсіздік және экология институты жеңіп алған болатын. Институт мамандары тек радиациялық фонды анықтап қана қоймай, аумақты одан әрі әжетке жарату тұрғысында нұсқау әзірлеуге тиіс. Аумақта радиологиялық зерттеулер жүргізу мақсатына арнап 2002-жылы облыстық бюджеттен 6 миллион теңге бөлінген. Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, ондағы цезий-137, плутоний-239/240, стронций-90, америций-241 мөлшері кең көлемде өзгерумен ғана шектелмей, шектеулі фон мөлшерінен едәуір асып түсетіні анықталды. Аумақтағы радиациялық ластану деңгейін нақты анықтау үшін қоршаған орта нысандарының үлгісіне кешенді далалық радиологиялық және лабораториялық зерттеулер жүргізу қажет. Зерттеу қорытындысы Семей ядролық полигонының Павлодар облысына қосылған аумағындағы радиациялық ахуалды бағалаумен қатар, осы аймақтағы тұрғындар ағзасының техногендік радиациядан улану мөлшерін анықтауға мүмкіндік бермек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть