Семейде бой көтеріп жатқан жаңа ықшамаудан құрылысына жергілікті өлкетанушылар наразы
Семейдің іргесінде бой көтеріп жатқан жаңа ықшамауданның құрылысына жергілікті өлкетанушылар наразылық білдірді. Өйткені мұндағы мектеп пен үйлер тарихи ескерткіштердің үстінен салынып жатыр екен. Ал жергілікті билік пен құрылыс компаниясындағылар мұны бірінші рет естіп отырғандарын айтуда. |
Көне мекеннің қалдықтарын жинап жүрген өлкетанушы Марат Сасанов қатты ашулы. Тарихи жәдігер толы жерді бульдзер қопарып кеткен. Соның салдарынан тас қашаулар, қола айналар мен ыдыс-аяқтардың сынықтары шашылып қалған.
Марат Сасанов, «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының төрағасы:
- Бұл жерде құнды жәдігерлер бар. Мұнда неолит және қола дәуірлердің іздері болуы мүмкін. Сондықтан біз үшін бұл аумақ аса маңызды.
Құрылыс жүргізіліп жатқан аумақтан Кеңес кезінде метал балқытатын пеш те табылған екен. Соны негізге алған өлкетанушылар бұл жерде адамдар тіршілік етумен қатар өніріс ошағы да жұмыс істеген деп топшылайды. Сондықтан олар жергілікті билік зерттеу жұмыстары жүргізілмеген жерді бүлдірмеуі керек еді дейді.
Марат Сасанов, «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының төрағасы:
- Аумақтың барлығында археологиялық ескерткіштер бар. Егер құрылыс жүргізгісі келсе, жер телімімен толық танысуы керек еді. Бір істі бастан аяқ зерттемей ешнәрсе бастауға болмайды.
Ал құрлысшылар өлкетанушылардың пікірін жоққа шығарды. Себебі: олар құрылыс алаңынан ешқандай жәдігер кезіктірмеген. Бұл туралы бірінші рет естіп тұрмыз дейді олар.
Айдар Жамбаев, «АБК Құрылыс-1» ЖШС жоба жетекшісінің орынбасары:
- Қайдағы ескерткіш?! Мұнда 30-50 жылдан бері құм жатыр ғой. Жерді берді. Ал біз жұмыс жүргізудеміз.
Бұл аумақтың тарихи тұрғыда маңызы зор екенінен жергілікті атқамінерлер де хабарсыз көрінеді.
Қалалық жер қатынастары бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, мектеп пен тұрғын үйлерді салатын алаңқайлар бас жоспар бойынша бөлінген екен. Оның үстіне ғимараттардың іргетасын құймас бұрын әкімдікте қоғамдық тыңдаулар өткізіліпті. Бірақ соған өлкетанушылар шақырылмаған. Олар енді прокуратураға шағымданамыз дейді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін