Семейліктерге бүгін күн райы күтпеген сый ұсынды. Мамырдың соңы жақындаса да жаңбырдың орнына, жапалақтап қар жауды. Таңертеңнен бері толастамаған ақ ұлпа адамдарды едәуір әбігерге түсірді. Дегенмен, синоптиктер қардың жауатынын алдын-ала ескерткенбіз дейді. Сондықтан өздері оған таңғалмай, тыныш отыр.
Қанат Әбетов, Семейдегі «Қазгидромет» бөлімшесінің бастығы:
-Ғылыми болжам бар, қазақтың салты да бар «Құралай» деген. Әр жыл сайын Құралайда ауа температурасы 0 градустан төмендейді.
Мамырдағы қарға таңырқаған тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп қызықтаса, саяжайдағы жұрттың көңілі күпті. Ертерек салған көкөністері үсіп қалған. Ал аман қалғанын олар қымтап жатыр.
Николай Исаев, Семей қаласының тұрғыны:
-Шама-шарқым жеткенше көкөністердің бетін жаптым. Алайда ол уақытша қорғаныс емес пе? Түнде суытатын болса, бұдан да түк қалмайды.
Жауған қар біртіндеп ерігенімен, түнде сынап бағанасы 0 градустан төмендейді дейді мамандар. Ал қар аралас жаңбыр мен үскірік шығыстан бөлек, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарын да болуы мүмкін. Семейдегі ақ ұлпа қар күн соңына дейін жаумақ. Синоптиктер күн тек келесі жұмада жылиды деп болжауда.