Аулада жиналған бұл жұрт жақында ғана мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы пәтерге қол жеткізген. Алайда қуаныштан гөрі уайым басым. Себебі жылу маусымы басталғалы коммуналдық қызмет үшін ақы тым қымбатқа түскен. Көрші үйлерде 3-4 мың теңге алса, бұлардың түбіртегіндегі сома бірнеше есе көп.
Шолпан Тоқтасынова, Семей қаласының тұрғыны:
-Менің окладым 23 мың ғана. Оны қайсына жеткізетінімді білмеймін. Зейнетте емеспін, жұмыс істеймін. Қайтіп күн көремін!? Жаңа үй,- деп қуанып едік. Пәтерақысы көп болғанынан не істерімді білмей ішім удай ашып тұр.
Тұрғындарға сенсек, 144 пәтердің үштен бірі бос. Сондықтан жұрт өз баспанасымен қоса сол қаңыраған пәтерлер үшін төлеп жүрміз бе деген күдікте.
Айтжан Оспанова, Семей қаласының тұрғыны:
-Бос пәтерлер бар, сол үшін біз төлеп отырмыз. Біз неге оны төлеуіміз керек? Қандай хақымыз бар?! Біреу тұрмайды, біз төлейміз! Қанша халық-үйсіз-күйсіз отыр. Оларға бермейді! Олар үшін біз төлеуге міндетті емеспіз ғой!
Жалдамалы баспаналарға пәтер иелері коопераитиві емес, жеке кәсіпкер қызмет көрсетеді. Жұрт оған талай шағымданып барған екен. Алайда, ол құлақ салмақ түгілі, адамдарға сес көрсетіпті.
Мүслима Рақымова, Семей қаласының тұрғыны:
-Бізді қорқытады! Егер шағымдана беретін болсаңыздар қуып шығамын дейді! Мына үйден.
Тұрғындардың ренішін тудырған кәсіпкер түсінік беруден бас тартты. Ал жылу беруші мекеме жұрттың шағымдануына негіз жоқ,-деп отыр.
Жұман Мусин, «Жылукоммунэнерго» МКМ бөлім басшысы:
-Жылу маусымы басталған кезде олармен ешқандай келісім болмады. Сондықтан олар бекітілген тәртіпке сай, шаршы метрге 115 теңгеден төледі. Тек жыл соңында ғана олар келісім жасап, есептегіш құралдармен ақы шығарылатын болды. Ал өзгенің пәтері үшін төлеуі мүмкін емес.
Қазір тұрғындар прокуратураға шағым әзірлеу үстінде. Ал жұрттың ашуына тиген кәсіпкермен келісім-шарт бұзылды. Жақын арада шенеуніктер ол орынға байқау жарияламақ. Енді баспана иелері биыл көпқабатты үйге басқа мекеме қызмет көрсетсе екен деп тілейді.