Семейдің орталық көшелерінің бірінде тұрған мына дүкеннің бүгін жұмысы жүрмейтін болды. Мұнда қарызын талап етіп жылу мекемесінің қызметкерлері жүр. Борышы 100 мың теңгеге жеткен қожайынның өзі жоқ екен. Бірақ, сот шешімін негізге алған коммуналдық қызмет өкілдері оған қарамай сөредегі арақ-шарап пен азық-түлікті тәркілеп әкетті.
Зинаида Балкунова, Сот орындаушысы:
— Дүкеннен тәркіленген тауар коммуналдық мекемеде сақтауда болады. Кәсіпкер 5 күн ішінде оны қайта сатып алмаса, мекеме оларды өздігімен саудалайды. Соның есебінен қарыз жабылмақ
Орталық мешіттің түбінен орын тепкен сауна да коммуналдық қызметтің нысанасына ілікті. Борышын өтеуге уақыт таба алмай жүрген кәсіпкер біраз уақыт енді клиентсіз қалатын түрі бар. Жылумен қамтушы мекеме өкілдері оны орталық құбырдан ажыратып тастады.
-«Жастық» ықшамауданы тұрғындары жылуға 30 млн теңге қарыз. Арасында тиісті ақыны жылдап төлемей жүргендері де бар екен. Күндіз көбі жұмыста болғандықтан, коммуналшылар борышкерлерді кешкі уақытта іздеуге көшкен.
Тұрғындардың ашуынан сескенген қызметкерлер жанына тәртіп сақшыларын да ерте келді. Кеш түскенде сап ете қалатынын күтпесе керек, борышкерлер бірден байбалам салды.
-Мен әкімге өтініш жазам! Жазам! Менің балам 40 градус температурамен жатыр! Маған келіп шәңк-шәңк етесіңдер!
Тұрғындардың осылай қабақ шытып қарсы алатыны қалыпты жәйт. Борышкерлердің арасында іліп алатын дүниесі жоқтары да бар.
Сәуле Сыдықова, «Жылукоммунэнерго» МКМ бақылаушы-менеджері:
-Кісілер деген бізбен ұрсысып, ауыздарына келгенін айтып неше түрлі айтады. Есіктерін де ашпайтын кісілер бар. Сондықтан біз адамдардан сұраймыз: Қарыздарын уақытында төлеп отырса.
Кейбір борышкерлерге бұл жолы соңғы рет ескерту жасалды.Қазір мекеменің елдегі қарызы 700 млн теңгеге жеткен. Амалы қалмаған коммуналдық қызмет өкілдері борышқа белшеден батқандарды енді кешке қарай үнемі үйлеріне іздеп бармақ.