Жарияланды: 730

Семейдегі ОВ 156/15 түзеу мекемесінде "Адамның өз-өзіне қол жұмсауының психологиялық-психиатриялық себептері" тақырыбында семинар өтті

Семейдегі ОВ 156/15 түзеу мекемесінде "Адамның өз-өзіне қол жұмсауының психологиялық-психиатриялық себептері" тақырыбында семинар өтті. Бұл туралы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық дәрігерлік қамтамасыздық басқармасының бөлім бастығы Марат Ақшүкіров хабарлады.

Семинарға Шығыс Қазақстан облыстық Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері мен Семей мемлекеттік медициналық академиясының оқытушы-психологтары қатысты. М.Ақшүкіровтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы абақтыларда қамаудағылардың өз өмірін өзі қию оқиғаларының саны арта түсті. 2003-жылы облыс бойынша 58 тұтқын қаза болған. "Бұл оқиғалардың басым бөлігінде адамдар түрлі аурудан емес, түрлі жарақаттар мен улану салдарынан, көбінесе өз-өзіне қол жұмсау салдарынан қайтыс болды. Сол себепті семинардың басты мақсаты - бас бостандығынан айрылғандардың өздерін өлімге душар ету себебіне тереңірек үңілу болып табылады",- деді ол. Семинар барысында мамандардың атап көрсеткеніндей, қамаудағыларды өз өмірін өзі қиюға түрмеге бейімделе алмауы итермелеп отыр. "Өлімге бел байлағандардың арасында бір емес, бірнеше мәрте жазасын өтеушілер де бар",- деді М.Ақшүкіров. Семинарға қатысушыларға қамаудағылардың өмірмен қоштасу мақсатында пайдаланған құралдары көрсетілді. Жинақ құрамында инеден бастап егеуге дейін сан алуан құралдар бар. М.Ақшүкіровтың айтуынша, өз-өзіне қол жұмсайтын тұтқындардың басым көпшілігі аз да болса ауруханада жатып шығу үшін осындай әрекетке барады. "Мәселен, ине жұтып қойған қамаудағы адам түрменің ауруханасында 40 тәуліктен 1 айға дейін жата алады",- деді ол. Семинар барысында қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен медицина мамандары қамаудағылардың өзін-өзі өлтіру оқиғасына жол бермеу үшін тараптардың күшін біріктіріп, әрбір тұтқынмен жеке жұмыс жүргізу қажет деген тұжырымға келді. Бірінші кезекте психологиялық көмек көрсетілуі тиіс, деді семинарға қатысушылар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін