Жарияланды: 800

Семейлік профессор Қазақстан ғалымдарының арасынан бірінші болып Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясына мүшелікке сайланды

Семейлік профессор, биология ғылымдарының докторы Михаил Панин Қазақстан ғалымдарының арасынан бірінші болып Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясына мүшелікке сайланды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Н.Паниннің ғылыми еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге ТМД және алыс -жақын шетелдерде де жоғары бағаланған. М.Паниннің басшылығымен қоршаған ортадағы ауыр металдар мен радионуклидтердің биогеохимиясы мәселесімен айналысатын ірі ғылыми экологиялық мектеп қалыптасты. М.Панин 550-ден астам ғылыми жарияланымдар авторы. Соның ішінде табиғи нысандардағы ауыр металдардың биогеохимиясына арналған 5 монография, топырақ химиясы, гидрохимия , агрохимия, өсімдіктер экологиясы және радиоэкология тақырыбындағы ғылыми еңбектер жазған. Ғалымның зерттеулер материалы халықаралық, республикалық және аймақтық 120-дай конференцияда ортаға салынды. 2002-жылы 5 халықаралық және және республикалық Академиялардың академигі М.Панинге ғылым мен техниканың дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымдарға тағайындалатын мемлекеттік ғылыми стипендия табыс етілді. Ол жоғары оқу орындарына арналған "Химиялық экология" атты оқулық жазған. Бұл аталмыш пән бойынша еліміздегі тұңғыш іргелі оқулық болып табылады. ҚР жоғары оқу орындарының қауымдастығы М.Панинді республика көлемінде таңдаулы деп танылған оқулығы үшін А.Байтұрсынов атындағы медальмен марапаттады. М.Панин жуырда жаңадан ашылған Семей мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші проректоры болып бекітілді. Бұған дейін ол Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде тағы да осындай лауазымды иемденді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін