Жарияланды: 370

Сенат төртінші сессиядағы соңғы отырысын өткізді

Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мамидің төрағалық етуімен жоғарғы палатаның кезекті отырысы болды.

Отырыста депутаттар Парламент Сенаты Төрағасының ұсынысын қарай келіп, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне Жансейіт Сәрсенқұловты тағайындады. Сонымен қатар палата басқа жұмысқа ауысуына байланысты Парламент Сенатының депутаты Ж.Сәрсенқұловтың өкілеттігін тоқтатты. Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар бірқатар халықаралық келісімдер мен шарттарды талқылап, ратификациялау туралы заң жобаларын қабылдады. Олар «Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобалары болатын. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Француз Республикасы Қарулы Күштерінің Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылдарға қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар да қабылданды. Отырыста интеграциялық бірлестіктерге - Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің қызметіне қатысты келісімдер ратификацияланды. Бұл заңдармен келісілген макроэкономикалық саясат, қызметтер көрсету саудасы және инвестициялар туралы, өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары, баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялардың қызметтеріне қол жеткізу, өтпелі кезең ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мен енгізу алдындағы тергеулер мақсаты үшін мәліметтер беру тәртібі, қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы құқықтық негіз жасалады. Келісімдердегі мәліметтер бойынша экономикалық интеграция істері министрі Ж.Айтжанова, ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Б.Тәжіяқов депутаттардың көптеген сауалдарына жауап берді. Талқылау нәтижесі бойынша заңнамаларға салық салу, сыртқы мемлкеттік қаржылық бақылау, халыққа қызмет көрсету орталықтары туралы өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобалары қабылданды. Соңғы заң жобасы палаталар арасындағы келісу комиссиясының қорытынды ұсынысы бойынша қабылданды. Тұрғын үй қатынастары және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша заң жобаларына Сенат енгізген өзгерістер Парламент Мәжілісіне жіберілді. Бірінші оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы мақұлданды. Қылмыстық, қылмыстық-атқару заңнамасын, қылмыстық сот өндірісі мен құқық қорғау қызметін одан әрі ізгілендіруге бағытталған заңмен Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, «Прокуратура туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Отырыс соңында жоғарғы палатаның басшысы биылғы сессиядағы Сенат қызметінің қортытындылары туралы айтты. Төраға атап өткендей, өткен кезеңде Елбасының Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін тиісті заңнамалық негіз жасалды. Биылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әр үш жыл сайын Сенат депутаттарының сайлауы болатынын айтқан төраға алдағы сайлауға қатысатын әріптестеріне тілектестігін жеткізді. Сондай-ақ Қ.Мәми депутаттық корпус пен палата аппаратының қызметкерлеріне қажырлы қызметіне орай ризашылығын білдіріп, Сенат қызметін көрсетудегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алғыс айтты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін