Жарияланды: 420

Сенаттың жалпы отырысында 2004-жылға арналған бюджет жобасы талқыланды

Кеше, 20-қарашада палата спикері Оралбай Әбдікәрімовтың төрағалығымен сенаттың жалпы отырысы өтіп, онда 2004-жылға арналған республикалық бюджет жобасы сарапқа салынды,- деп хабарлайды сенаттың баспасөз қызметінен.

Республикалық бюджет жобасы 25-қарашада парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда қаралатын болды. Бюджеттік жүйе туралы заңға сәйкес, республикалық бюджет туралы заң жобасына қатысты шешім парламент палаталарының бірлескен отырысында кем дегенде екі оқылымда қабылдануы тиіс. Аталмыш заң жобасы бойынша сенаттан баяндамашы ретінде депутат Мүсірәлі Өтебаев сөйледі. Сондай-ақ, сенат депутаттары өз ұсыныстарын ортаға салды. ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, осы жолғы бюджеттің негізгі ерекшелігі - оның бірнеше санаттарға бөлінуі болмақ. Еліміздің алдағы жылға арналған басты қаржылық құжаты үш санаттан тұрады. Санаттардың бірі түгелдей әлеуметтік саланы қамтиды. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сенаттың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов ипотекалық тұрғын үй несиесінің тым қамбаттығына тоқталды. Сондай-ақ, ол өз ұсынысында Елбасының жолдауында халық өсімін ынталандыру жөніндегі шараларға басым маңыз бергенін айта келе , осы пәрменді орындау үшін 2004-жылдың 1-шілдесінен бастап бала 1 жасқа толғанға дейін оған күтім жасау үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы белгілеу уақытын тапқан шара болар еді деген ұсынысын жеткізді. Сенатордың есептеуінше бұл үшін 3,5 млрд. теңге көлемінде қаржы қажет. Сондай-ақ ол республикалық балалар денсаулығын қорғау орталығының құрылысын салуға және "Көшпенділер " фильмінің аяқталуына қосымша қаржы бөлуге қолдау білдіруді сұрады. Палатаның халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Жабайхан Әбділдин Алматы қаласына үкіметтің жіті көңіл бөлуін сұрады. Депутат Алматы қаласындағы апатты жағдайдағы мектептер мен ауруханалар мәселесіне тоқтала отырып, денсаулық сақтау саласына 1 млрд. теңге, білім беру нысандарына 1 млрд. 57 млн. теңге, сондай-ақ, "Шаңырақ" ықшамауданында қазақ мектептерін салуға 600 мың теңге қажеттігін айтып, бұл ұсыныстарды қолдауды өтінді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін