Еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына айрықша серпін берген «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының "Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу" атты екінші бағыты бойынша жеке кәсібін ашқан ағайынды Батырбек пен Жүсіпбек Сүлейменовтер "Әділ — Рай" атауымен несие серіктестігін құрып, қолға алған істерін жобаға сай жүзеге асырды.
Ауыл тұрғындарының сұранысынан туындаған монша құрылысына 6 млн. теңге жұмсалды. Бір мезгілде 15 адамды қабылдау мүмкіндігі бар нысан сенбі, жексенбі күндері жұмыс жасайды.
Қоғамдық моншаның киінетін, жуынатын, бу бөлмелері арнайы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жабдықталған. Моншаның ішінде шаштараз және шайхана жұмыс жасайды. Моншаға түсу бағасы ересектерге 250 теңге, балаларға 150 теңге болып белгіленген.
Жаңадан бой көтерген нысанның ашылу салтанатында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Айдос Әмірғали, Саралжын ауылдық округінің әкімі Қайыр Бисенғали және аудандық мәслихаттың депутаты Анар Оразовалар ауыл тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.