Жарияланды: 240

Шәмшәдин Керім: Шетелде діни білім алуды тез арада тоқтату керек

Шәмшәдин Керім: Шетелде діни білім алуды тез арада тоқтату керек

Қазақстандықтар шетелде діни білім алу үшін ресми жолдамасыз аттанбаулары керек. 

Өзге елде діни білім алуға заңды түрде тиым салынбағанымен, бұл тақырып қазіргі таңда әлі де өзекті.

Аталған мәселелер төңірегінде филология ғылымдарының докторы, профессор, "Абу Ханифа" орталығының директоры Шәмшәдин Керім Caravan.kz медиа порталының тілшісіне сұхбат берді.  

- Шетелде діни білім алуға шектеуге қою керек пе? Шетелде діни білім алу қаншалықты қауіпті?

- Енді мұның барлығы заң жүзінде шектелу керек. Заңның жобасы қабылданып жатты, дін туралы заң. Бірақ ол нәрсе биыл тоқтап қалды, ол заң жүзінде қабылданбаса, ешкім оны шектей алмайды. Діни білім алу елімізге бір әсері бар ғой, қауіпті дегенде тікелей айтуға болмайды. Шетелде оқып келген студенттердің өзі әртүрлі, әр жоғары оқу орындарында әртүрлі. Ал енді соның ішінде сенімді жоғары оқу орындарында оқуға болады деп ойлаймын. Мысалы Түркия елдеріндегі университеттерінде біздің қазақ балалары көп оқып жатыр. Малайзия елінде оқып жатқан қазақ балалары да жетіп артылады. Шектеуді қажет ететін мемлекеттер бар. Шетелде оқып келген студенттердің көбісі біздің Қазақстан жағдайында жұмыс істей алмайды. Қазақстанның менталитетін білмейді. Қазір енді шетелге барып оқудың қажеттілігі болып тұрған жоқ. Себебі, бұрын тәуелсіздік алған кезде бізде діни білім алатын жоғары оқу орындары болған жоқ. Қазіргі таңда Нұр-Мүбәрак университетінен басқа тоғыз медресе жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне биыл Қазақстан Республикасында дін заңы өзгерді. Келесі жылдан бастап бізде жоғары оқу орындарының көпшілігіне мамандықты оқу бойынша академиялық еркіндік беріледі. Академиялық еркіндік берілген кезде көп жоғары оқу орындары исламтану мамындығын оқыта бастайтын болады. Әл Фараби университетінен бастап көптеген жоғары оқу орындары осы исламтану мамандығын оқытатын болады. Сондықтан көп жоғары оқу орындары исламтану мамандығы ашып қалады деп ойлаймын. Ал енді біздің оқу орындарымыздың өзінде, ұлттық оқу орындарымызда исламтану оқытылып жатқанда оны шетелде оқудың қаншалықты қажеті бар? Сондықтан қазір Қазақстанның жоғары оқу орындары исламтану мамандарын дайындап жатыр. Оның үстіне елімізде салафизм, басқа да әртүрлі ағымдар біздің елдің ұлттық қауіпсіздігіне белгілі ретте қауіп төндіріп отыр. Жарылыстар болды, осылардың барлығы біздің елдің болашағы, діни мәселелерді қозғап жатыр. Сырттан оқып келген студенттер қаншалықты елімізде жұмыс істеп кете алады? Сондай мәселе тұр қазір.

- Ал Нұр-мүбәрак университеті секілді отандық діни оқу орындарына шетелден келіп оқитындар бар ма? Өзге мемлекеттерден келгендерді көп қабылдайсыздар ма?

- Бізде шетелден келіп, оқитындар бар, бірақ көп емес. Нұр-мүбәрак университеті шетелден келген студенттерді көп қабылдап жатқан жоқ. Біз шетелден қабылдай бастасақ, көп келуі мүмкін. Қазір Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бағдарлама жүргізіп жатыр. Қазақстанның жоғары оқу орындарын Орталық Азиядағы білім беру орталығына айналдыру керек деп жатыр. Соған енді барымызша тырысуымыз керек.

- Егер шетелдерде білім алу процесі заңмен реттелмейтін болса ше? Онда не болмақ?

- Шетелдерде діни білім алу процесін заңмен ғана шектеуге болады. Заң қабылданбаса, ештеңе істей алмайтынымызды бәріміз жақсы білеміз. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде ешқандай да діни білім алатын жоғары оқу орындары болмады, содан жастар шет елдерге кетіп, сол жақтан білім алып жатты. Салафизмнің, басқа діндердің елімізге кіріп кетуіне бірде бір себеп сол жастардың шет елдерде діни білім алып, адасып қалғандарының себебінен. Ал қазіргі таңда Нұр-Мүбәрак секілді жоғары оқу орындары бар, сондықтан шетелге жіберудің қажеті жоқ. Тағы да салафизмдер көбеймесін десек оны тоқтату қажет.

- Жалпы елімізде діни білім оқу орындарына түскісі келетіндер көп пе?

- Көп те, аз да деп айта алмаймын. Ең алдымен ол бала медресені оқу керек, одан кейін арнайы оқулар бар. Елімізде 9 медресе бар, сол медреседе оқып шыққандар бізге келіп оқып жатады. Қазір діни білім алғысы келгендерге де мемлекеттен жағдай жасалған. Біздің оқу орнында да шәкірт ақы бар, біздің университетте де студенттерге барлық жағдай жасалған. Сондықтан шетелде діни білім алуды тоқтатып, студенттердің өз елімізде білім алуына мүмкіншілік жасауымыз керек деп есептеймін.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть