Мынау Құмдыкөл ауылында тұратын 6 баласы бар Баяниндер отбасы. 20 күннен бері бір үзім нанға зар болып отыр. Шаруашылыққа 2009-шы жылы жерін жалға бергеннен кейін осындағы наубайханадан нан алып келіпті. Осы жолы директор оларға табалдырықтан аттауға тыйым салған.
Боранбай Баянин, Құмдыкөл ауылының тұрғыны:
-Соны сотқа бердің деп маған нан бермей отыр. Кішкене ұн бар сонымен күн көріп отырмыз. Жұрттың бәрі қорқады, суды жауып тастады.
Нанға зарығып, судан қағылғандар жалғыз бұл емес. 400-ге жуық адамның пай үлесін алған шаруашылық жұрттың тиісті төлемін бермей отыр екен. Онымен қоймай жерді құс фабрикасын саламыз деп жерді банкке салып жіберген. Бірақ, 3 жыл бұрын айтылған фабрика әлі жоқ. Ашынған бұқара бүгін кеңсеге кеп серіктестік директорын ортаға алды. Бірақ, бұлар пайшылар ғана. Диқандар орақ науқаны басталғалы бір тиын жалақы алмаса да директордың қаһарынан қорқып сыртта қалған.
Қоныспай Шурбаев, Новоникольское ауылының тұрғыны:
-Мынау халықтар қорқып тұрғаны, ертең жұмыс істемейсіңдер дейді. Нан бермейміз, су бермейміз, жол ашпаймыз. Коррупция мұнда. Учаскелік инспектор , акимат бәрі бірге ғой.Заң жоқ па білмеймін.
Жұрт арыздарын тізіп, шаруашылық басшылығын сотқа берген.Ал директордың өзі болса барлығы жала деп бет бақтырар емес.
Валерий Юрин, «Новоникольское» ЖШС директоры:
— Шуламаңыздар, базарда емессіздер ғой. Бұлардың айтып тұрғаны қып-қызыл өтірік. Нан, су бермей отырған ешкім жоқ. Диқандарға 3 миллион қарызбыз. Жақында береміз. Осы шаруашылықтың нанын жеп отырсыздар, неге бұлай дейсіздер? Ешкім, ешнәрсеге тыйым салған жоқ.
Шаруашылық басшылары ауылда ойларына келгенін істеп отыр деген тұрғындар сөзіне жергілікті әкім, ондай шағым болған жоқ, бұның бәрі жала деп шаң жұқтырмады. Ал әділет іздеп, әлімжеттік көрген әлеумет болса шағым түсіргендеріне енді өкініп отыр.
— Енді ол бізге тыныштық бермейді. Құдай-ай бұл өмірде маза жоқ шығар бізге.
Өңірде күзгі орақ науқаны аяқталды деп жоғары жаққа әлдеқашан есеп берілген. Бірақ мыңдаған алқапта астық әлі далада жатыр.Диқандарға жалақысын, халыққа пай үлесін бере алмай отырған шаруашылықтың да қыруар астығы қар астында қалды.