Жарияланды: 480

Шекаралас өңірлердің басшыларының V форумына дайындық бойынша негізгі жұмыстар 5 қыркүйекке қарай аяқталуы тиіс - Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе. 22 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан және Ресей президенттерінің қатысуымен өтетін Шекаралас өңірлердің басшыларының V халықаралық форумына дайындық бойынша негізгі жұмыстар 5 қыркүйекке қарай аяқталуы тиіс. Бұл туралы Ақтөбе облысы мен қаласын алдағы халықаралық саяси және экономикалық оқиғаға дайындау жөніндегі штаб отырысында Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің

тілшісі. "Жолдарды жөндеу мен қаланы абаттандыру мерзімін қайта қарау керек. Оны форум басталғанға дейін созудың қажеті жоқ", - деп атап көрсетті облыс әкімі. Сонымен бірге, Е. Сағындықов қала басшылығының назарын жөнделіп жатқан автомобиль жолдарының сапасына аударды. Олардың кейбірі қайта жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты облыс басшысы мердігерді өз есебінен жөндеуге мәжбүрлеу керектігін мәлімдеді. Штаб отырысында айтылғандай бірқатар нысандардың құрылысы тамыз айының соңында немесе қыркүйек айының басында аяқталады. Олардың қатарында жаңа үлгідегі "Нұрсат" балалар бақшасы, православ шіркеуі және басқа да ғимараттар бар. Облыс орталығын абаттандыруға қатысты айтар болсақ, жоспарланған жұмыстардан өзге қала басшылығы облыс орталығы арқылы ағатын Сазды өзенін көркейтуді көздеп отыр. Қонақтар келген кезде оған Сазды суқоймасынан су жіберіледі. Ақтөбе облысының ІІД хабарлауынша, Қазақстан және Ресей президенттерінің қатысуымен өтетін Шекаралас өңірлердің басшыларының V халықаралық форумы кезінде қоғамдық тәртіпті құқық қорғау органдарының 2 мың қызметкері қамтамасыз етеді. Бұл ретте Ақтөбе облысының полициясына көршілес облыстардан көмек қажет болады, деп атап көрсетті облыстың ІІД баспасөз қызметі. Атап айтқанда, облыс құқық қорғау органының 30 қызметкерін Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан шақырған. Бұдан бөлек Ақтөбе облысының ІІД осы өңірлерден 10 арнайы көлік сұрастырған. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2008 жылдың 21-22 қыркүйегінде Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевтің қатысуымен Шекаралас өңір басшыларының V халықаралық форумы өтеді. Осы оқиға аясында азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері талқыланады, екі мемлекеттің ірі кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтіп, тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылады. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть