Шекарашылар мінген ұшақтың құлауына диспетчер кінәлі ме? - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
7 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шекарашылар мінген ұшақтың құлауына диспетчер кінәлі ме?

Шекарашылар мінген ұшақтың құлауына диспетчер кінәлі ме?

Шымкентте бүгін Шекара қызметінің шенділері көз жұмған әуе апатына қатысты сот ісі басталды. Айыпталушы орындығында «Қазаэронавигация» мекемесінің диспетчері. Тергеу қортындысына сүйенсек, Ан-72 ұшағының апатқа ұшырауына осы Қанат Ақылбековтың қателігі себеп болған. Бірақ ол   кінәсін мойындап отырған жоқ.

  • 5 Наурыз 2014
  • 451
Фото - Caravan.kz

Таңғы 10-да басталған отырысқа келгендердің қарасы қалың.  Оларға  сот ғимаратының тар залында   орын жетпей қалды. Ал, айыпталушы орындығында жалғыз адам.  Ол Қазаэронавигация мекемесінің диспетчері Қанат Ақылбеков. 

Әшірбай Сахаев, мемлекеттік айыптаушы:

-Күдікті қауіпсіздік ережесін бұзған. Диспетчер, экипажға қауіпсіз биіктікке төмендеуін 2 минут 40 секундқа кеш айтқан. Ал, биіктіктің өзгермегенін біле тұра, ұшақтағы қысымды тексеру туралы экипажға ескертпеген.

29 жастағы Қанат Ақылбеков «Қазаэронавигацияда» 5 жылдан бері қызмет етіп келеді екен. Прокурордың айыбын байыппен тыңдаған ол  кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Жауабын да қысқа қайырды.

—  Сотқа жауап беруге дайынсыз ба?

—  Иә.

— Тағылған айыпты мойындайыз ба?

—   Жоқ.

Бүгінгі отырысқа 8 куәгердің біреуі ғана сотқа қатысты. Владимир Лужин диспетчердің «кінәсі жоқ» дейді. Қайғылы оқиға болатын кезде ол Қанат Ақылбековтің бәрін нұсқаулық бойынша жасағанын жеткізді.

Владимир Лужин, куәгер:

-Кейін қара жәшіктен білгеніміздей қосымша қону алаңы ретінде АН-72 ұшағының экипажы Алматы мен Қызылорда қалаларын таңдаған екен. Бірақ, бұл туралы диспетчер білмеген. Яғни, ол қосымша аэродромдармен хабарласып жатқанда 2 жарым минуттан астам уақыт өтіп кеткен.  

Куәгердің айтуынша, ұшақ 6 секундтың ішінде 300 метрге құлдилаған. Өзі де, басқасы да бұның қалай болғанын түсінбей отыр. Сондықтан, сот барысында әлі апатқа себеп болғандар анықталуы тиіс. Ол үшін тіпті ресейден сарапшылар шақыртылуы да ықтимал. Ал Владимир Лужиннен кейін сот үзіліс жариялады. Жалпы бүгінгі процеске 27 жәбірленушінің 9-ы ғана келді. 


Сәуле Үсенова, жәбірленуші:

-Болуы мүмкін диспетчердің кінәсі. Онсыз олар тәжірбиелі экипаждар, Неге ол ұшақ қона  алмады?. Осыған жауап алғымыз келеді.

Апат 2012 жылдың 25-ші желтоқсанында болған. Астанадан шыққан АН-72 ұшағы Шымкент түбінде құлап, 27 адамның өмірі қиылды. Марқұмдардың 20-сы Шекара қызметінің бастығы Тұрғанбек Стамбеков бастаған лауазымды әскерилер мен жетеуі экипаж мүшесі.

-АН-72 ұшағы құлаған соң, апатқа әуелі ауа-райының қолайсыздығы және   әуе кемесінің өзінен кінәрәт бар болуы мүмкін деген нұсқалар болған. Бірақ, тексеру кезінде бұл болжамдар жоққа шығыпты. Енді қайғылы істе жалғыз айыпталушы ретінде өтіп жатқан Қанат Ақылбековтің соты қаншаға созыларын да айту қиын.