Нина Тагильцева мына бір бөлмелі пәтерде өткен аптадан бері тұрып жатыр. Риэлторлық компаниямен келіскен қалалық әкімдік баспанының ақысы — күніне үш мың теңгені өзіміз төлеп береміз депті.
Нина Тагильцева, жатақхана тұрғыны:
-Әрине, сол күні далада қаңғырып қаламын ба деп ағыл тегіл жыладым. Менің жетім бала асырап отырғанымды естіген шенділер аяған шығар. Әйтеуір мына баспананы уақытша берді.
Нина Тагильцева тұратын жатақхананың едені мен бірінші қабатының ортасындағы төрт плита өткен аптада опырылған. Кейін қабырғада жырық пайда болып, 40 отбасы шұғыл түрде көшірілді. Ал ғимараттың жертөлесін бірнеше күн зерттеген мамандар бүгін қорытындысын жария етті.
Сергей Митин, инженер-құрылысшы:
-Жертөледе сынған плиталарды ұстап тұрған кірпіштер сыздан үгітіліп кеткен. Егер шұғыл түрде оны ауыстырмаса, өзге плиталар да құлауы мүмкін.
-Бұл жатақхана «апатты» деп танылғанымен, арнайы комиссия оны «жөндеуге болады» деген тоқтам жасапты. Құрылыс жұмыстары бүгін- ертең басталмақ. Мердігерлерге бюджеттен ақша бөлінген жоқ. Құрылыс компаниясы барлық жұмысты әзірге өз есебінен атқаруда.
Құрылысшылар ғимараттың жертөлесіне темір құрсау орнатпақ. Айтуларынша, ол бес қабатты ғимараттың салмағына төтеп беруі тиіс. Барлық жұмыстарды бір ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Мұнан соң баспаналарынан безген тұрғындар үйлеріне оралады.