30 градус аяз бен 40 градус ыстыққа төзетін вагон-баспана шығарыла бастады.
Шығыс Қазақстандағы Жарма ауданында. Алғашқы шағын баспаналар Бесқарағай және Қатонқарағай аудандарына жөнелтілді. Бұл жөнінде Жарма ауданының әкімі Әнуарбек Мұхтарханов журналистермен өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Шағын баспаналардың басты ерекшелігі – күн сәулесінен қуат алатындығы. Мұнымен қоса екі бөлмелі баспанада газ бен жылу пештері де орнатырылған.
Көшіп-қонуға ыңғайлы вагондар әсіресе мал шаруашылығымен айналысатындар үшін қолайлы. Сол себепті қазіргі уақытта жылжымалы баспанаға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. «Жарма Құрылыс Газ» ЖШС-сінің басшысы Виктор Исабаевтың айтуына қарағанда, вагон баспананың құны 1 млн. 900 мың теңгеден 3 млн. теңге аралығында.
Баспасөз мәслихатында аудан басшысы сонымен қатар Жарма өңірінің экономикалық-әлеуметтік жағдайына тоқталып, аймақтың үдемелі-инновациялық бағдарламасына енген жобалар жайында әңгімелеп, журналистердің сауалдарына жауап берді.