Жарияланды: 670

Швецияда Еуропа қазақтарының кіші Құрылтайы өтті

Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайының ізінше, Швецияның Вестерос қаласында маусым айының 11-12 күндерінде Еуропа қазақтарының кіші Құрылтайы өтті.

Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқан мәлім етті. Құрылтайға Қазақстаннан, Еуропаның оншақты елінен, Түркиядан 700-ге жуық қазақ диаспорасының өкілдері және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан Қауымдастықтың Төралқа мүшесі, Төрағаның орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, мәдениет қайраткерлері Меруеш Башай мен Өмірқұл Айниязов қатысып қайтты. Құрылтайға қатысушыларды құттықтау үшін Лондоннан арнайы ұшып келген Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Әбусейітов пен Швецияда тұратын Түркияның елшісі Шеңгіз Пырақ және Вестерос қаласының мэрі арнайы қатысып, сөз сөйлеген. «Дүниежүзі қазақтарының ІV Құрылтайы әсерінен әлі де арыла қоймаған қазақ жастарының көңіл-күйлері өте көтеріңкі. Болашақта елге келіп оқығысы келетіндердің саны арта түсіпті. Үлкен Құрылтайға келіп кеткен соң үйлерінде тек қазақ тілінде сөйлесу керек деп талап қоюды шығарыпты жастарымыз. Бұл да Құрылтайдың жемісі болар. Астана әуежайына алғаш рет көп қазақтарды көрген бір қандасымыз көзіне жас алып «осыншама қазақты бұрын көрмеппін» деп жылағанын да жасырған жоқ. Алпысыншы жылдардың ортасында жұмыс іздеп Түркиядан барған ағайындардың арасындағы көне көз қариямыз Абдулла Шағатай ағамыз бен жеңгеміз Сайыпжамалдың қолынан дәм таттық. Қазақ салт -дәстүрін бұлжытпай ұстанып келе жатқан ерлі-зайыптылардың айтарлары көп. Олар жас жеткіншектерінің болашақта өз ана тілдерінен айырылып қалу қаупінен қорқатындарын жеткізді. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан Еуропа қазақтарының кіші Құрылтайында Еуропаның оншақты елінде тұратын қазақ жастарының бір бірімен табысып, үйленіп жатқандарына қуанады»,-дейді кіші Құрылтайға қатысып қайтқан Ботагөз Уатқан. Шара барысында дөңгелек үстел отырыстары, сонымен қатар спорттық шаралар ұйымдастырылған. Дөңгелек үстелде ана тілінің өзекті мәселелері талқыланған. Құрылтай бағдарламасы аясында футболға қатысқан 8 командадан: Франция - 1 орын, Түркия - 2 орын, Швеция - 3 орынға ие болды. Кіші Құрылтайда бас қосқан әлемнің 14 елінен келген қандастарымыздың алдында Еуропа қазақ мәдени орталықтары федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижи 2020 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілгенін, сондай-ақ келесі жылғы кіші Құрылтай Данияда өтетінін жария етті. Оның айтуынша, кіші Құрылтай үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Париж қаласында өтетін жастардың дөңгелек үстеліне ұласпақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін