Мәскеуден шыққан бірінші рейспен 33 жолаушы келді. Жалпы алғанда «Боинг 737-300» ұшағы бизнесс-класста 16, эконом-класста 101 жолаушы тасымалдай алады. Ал кері бағыттағы рейспен Шымкенттен 50 адам ұшады деп күтілуде. «Шымкент әуежайы» ААҚ-ның бас директоры Узифулла Ажмолдаевтың хабарлауынша, «бағыттың пайдалы жұмыс істеуі үшін ұшақ 80 процентке толса жетіп жатыр. Билет бағасы 150 долларды құрайды. Ал «Эйр Қазақстан»әуе компаниясы атқаратын Алматы-Шымкент-Мәскеу бағытындағы рейс жолаушыларға толық көлемде даяшылық жасай алмауда»-деді әуежай директоры.
Сөйтіп Шымкент — «Трансаэро» әуе компаниясы тарапынан Мәскеуден тұрақты рейстер жол тартатын Қазақстанның бесінші қаласы болып отыр. Бұған дейін әуе компаниясы Мәскеуден Алматы, Астана, Қарағанды және Атырау қалалары аралығында тұрақты рейстер шығарып келген.
Таяуда «Трансаэро» әуе компаниясы өзінің Қазақстандағы іс-қызметінің 10-жылдығын атап өтті. Осы мерзімде Ресей мен Қазақстан ортасында 9 мың рейс жасалды. «Трансаэро» әуе компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі директоры Сергей Быхалдың журналистерге хабарлауынша, кешікпей 1 миллионыншы жолаушы тасымалданбақ.