Шымкентке келін болған солтүстіктің қызы оңтүстік өңірдегі салт-дәстүрлер жайлы бар шындықты айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентке келін болған солтүстіктің қызы оңтүстік өңірдегі салт-дәстүрлер жайлы бар шындықты айтты

Шымкентке келін болған солтүстіктің қызы оңтүстік өңірдегі салт-дәстүрлер жайлы бар шындықты айтты

Шымкентке келін болған солтүстіктің қызы оңтүстік өңірдегі салт-дәстүрлер жайлы бар шындықты айтты.

  • 1 Ақпан 2023
  • 334
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.  

Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының тумасы Раушан осыдан бес жыл бұрын Шымкентке келін болған. Жолдасымен Алматыдағы оқу орындарының бірінде танысқан ол, екі жыл кездесіп, кейін үйлену туралы шешімге келген.

«Ержанмен бастапқыда танысқанда ол оңтүстіктің бар дәстүрін, келінге қалай қарайтынын, таңертең ерте тұрып, ата-енеге сәлем салып, шайын беру керек екенін, бәрін бүге-шігесіз айтты. Алайда оның отбасы қалада тұратындықтан, әрі бұрынғыдай қатып қалған салт-дәстүрді ұстанбайтындықтан, маған көп қиналмайтынымды айтты. Бірақ мәселенің бәрі тойға дейінгі салт-дәстүр, киіт, қалың малға келгенде шиеленісті. Біздің жақта «тоғыз» яғни, келіннің әр маусымға арналған киімін беру, барлық туған-туысқа сыйлық, тарту-таралғы беру деген дәстүр жоқ. Менің ата-анам осы дәстүрді толығымен орындаймыз деп қатты қиналды, себебі жаңағы «тоғыз» дүниені алып, оны оңтүстікке жеткізудің өзі қиын болды. Қалың малдың да «жыры» көп болды. Олар басында 1 миллион теңге береміз деп, кейін тойға ақшалары жетпей, ақыры 300 мың теңге беретін болды шешті. Бір қызығы менің ата-анам оған ештеңе демеді, себебі біз жақта қалың малды көп беріп жатса, керісінше қызын «ақшаға сатып жіберді» деген түсінік бар. «Бізге қалың малдың да керегі жоқ, өздерің бақытты болсаңдар болды» деді анам. Сөйтіп «шулап» жүріп, тойымыз өткен болатын. Бірақ ата-енем қаланың адамдары, үйде әжеміз болды, марқұм қазір дүниеден өтіп кетті. Сол кісіге ғана таңнан сәлем салдым, келін шай бердім. Бұл дәстүр енді еліміздің барлық өңірінде бар шығар», — деді ол.

Сонымен бірге ол Шымкент жақта сәби дүниеге келген соң да «бесік тойға» қатысты түрлі салт-дәстүрлер сақталатынын атап өтті.

«Солтүстікте сәби дүниеге келген соң, «шілдехана», «қалжа той» жасайды ғой. Мысалы қыздың анасы бір қойын сойып, тәттілерін алып, балаға керек-жарағын алып, шағын адамның басын, ет жақын туыстардың басын қосып, шілдехана өткізуі мүмкін. Ал оңтүстікте әрине «бесік той» кәдімгі жүздеген адам жиналатын үлкен той екен. Сосын тағы да салмақ қыздың әке-шешесіне түседі, себебі бұл жақта баланың жөргегінен бастап, қоларба, тіпті сәби өскен соң киетін киіміне дейін нағашылары алып беруі керек екен. Менің туыстарым тағы да намысқа тырысып, бәрін әкелді. Бірақ соның барлығы астамшылдық деп ойлаймын. Себебі қазір бәрі қымбат қой, біздің тұңғышымыздың бесік тойы осыдан төрт жыл бұрын болған, сол кездің өзінде ата-анам кәдімгідей шығынға батқан еді. Қазір енді бәлкім, пандемиядан кейін осындай тойдың қатары азайған шығар, бірақ десе де осындай көп сыйлық алу қажет емес деп ойлаймын», — деді ол.
Раушан бұдан бөлек жергілікті диалект сөзге де көп үйренісе алмағанын алға тартты.

«Шымкенттің диалект сөздерін енді бәрі біледі ғой? Өзім Алматыда төрт жыл оқығанда, тобымда оңтүстіктің балалары көп болды, солардан естідім. Бірақ келін болып түскен алғашқы жылдары да жаңа сөзді көп естідім. Мәселен, «леген», «қамыр», «лажы болғанда», «зуала» т.т. сөздерді шыны керек алғаш естігенде түсінбеген едім, кейін бәрін үйрендік қой, қазір өзім де арасында осы сөздерді қосып сөйлейтін болдым», — деп күлді кейіпкер.


Сөз соңында Раушан арадағы қиындықтарға қарамастан, махаббат пен сыйластықтың арқасында отбасын сақтай алғанын айтты.
«Әрине басында қатты қиналдым, тіпті кетіп қалған кездерім де болды. Бірақ жастықпен меніңше көп қыз-келіншектер отбасылық өмірдің бастапқы кезеңінде осындай қадамдарға баратын сияқты. Кейін ақыл тоқтатып, отбасылық өмірде тәжірибе жинай бастаған соң, өзімді сабырға шақырып, балалардың болашағы үшін, отбасымды сақтап қалуыма тура келді. Бірақ бұл қазір көп кездесетін отбасындағы жанжалдарға, ер адамның қол көтеруіне көніп, өзіңізді күң ету деген сөз емес. Менің жағдайымда жолдасым мені толығымен қолдады, мен балаларымды алып, үйге кеткен күнде, соңымыздан келіп, алып кетті. Ешқашан қол көтерген емес, ішімдік ішіп, шылым шекпейді. Ата-енем де арамызға ешқашан түскен емес, әрине қиындықсыз болмайды, бірақ шыдап кету керек. Алла тек сонда ғана бақытты баянды ететін шығар»,-деп сөзін аяқтады Раушан

Соңғы жаңалықтар