Шымкентте 13 адам жол апатынан қаза тапты - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+27 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентте 13 адам жол апатынан қаза тапты

Шымкентте 13 адам жол апатынан қаза тапты

Оңтүстік Қазақстанда жантүршігерлік жол апаты 13 адамның өмірін жалмады. Тағы 6 адамның халі ауыр. Соның үшеуі балалар. Жолаушыларға лық толы шағын автобус Шымкент шетінде жүк көлігімен соқтығысқан. Қоғамдық көлік Тараздан Шымкентке келе жатқан беті екен. Жол апатына Мерседес Спринтер жүргізушісі кінәлі деп отыр тергеушілер. Ол да қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

  • 17 Маусым 2015
  • 356
Фото - Caravan.kz

Оңтүстік өңірді дүр сілкінткен жол апаты бүгін түскі сағат 12-лер шамасында Шымкент іргесінде болды. Тараздан жол тартқан Мерседес Спринтер алдында келе жатқан жүк көлігінен озып өтпекші болыпты. Тек, жылдамдығын есептей алмаған жүргізуші шағын автобусымен алдындағы ауыр машинаға соғылған.

Нұрсұлтан Манасбаев, оқиға куәгері:

-Камаз мына жақтан келді. Артынан Спринтер келіп жатты. Камаз бізге қарай келе жатқанда артынан келіп Спринтер кірді. Жанармай бекетінен шығарып жіберді ары қарай.

Шағын автобус ішінде 19 адам болған. Тоғызы оқиға орнында тіл тарпай кетті. Көз жұмғандардың біреуі 10 жасар шамасындағы бала, 7-уі әйел және біреуі 39 жастағы Өзбекстан азаматы. Жолдан өтіп бара жатқандар көмектесіп, жедел-жәрдем тез жеткенімен ауруханада тағы төртеуі тілге келместен кеткен. Дәрігерлер қазір 3 ересек пен 3 баланың өмірі үшін арпалысып жатыр.

Оңалбай Нарманов, реаниматолог:

-Бәрінде де жарақаттың түрі бірдей, бәріде ашық бас ми жарақаты. Кеуде қуысының жарақаты. Қабырғаларының сынуы, зақымдануы және аяқ-қолының сынуы. Бәрі де ауыр жағдайда.

-Андақұлов Бауыржан бар ма?

 -Фамилияларын білмейміз. Бәрі комада. Есін білмейді.

 -Кіріп көруге болады ма?

-Қазір тұра тұрыңыздаршы.

Жансақтау бөлімінің алдын торыған туыстары дәрігерлердің қас-қабағын аңдумен жүр. Ал, жол апаты болған жерге тайлы-тұяғы қалмай жиналған полицейлер қазір бірауыздан кінәлі – Мерседес шағын автобусының 46 жастағы жүргізушісі деп отыр.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз хатшысы:

-Мерседес Спринтер автокөлігі өрескел жол ережесін бұзып маневр жасаймын деп Хова автокөлігін озып өтемін деп  жол көлік оқиғасын жасаған.

Жолаушылар тасымалдаушы көліктің жүргізушісі Тараз қаласының тұрғыны екен. Әзірге, ол да жансақтау бөлімінде жатыр.