Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Қайғылы оқиға 17 мамыр күні «Форум» сауда орталығында болған. Бұл туралы Almaty_typical жазды. Марқұмның туыстарының айтуынша, 29 жастағы жігіт фильм басталар алдында попкорн сатып алған. Біраз уақыттан кейін оның тамағы жыбырлап, өзін жайсыз сезіне бастаған. Жағдайы нашарлаған соң ол дәретханаға шығып, сол жерде құсқан. Кейін қайта залға оралып, жеңілдеп қалғанын айтыпты.
Алайда арада көп уақыт өтпей жігіт жүрек тұсының ауырғанын айтып шағымданған. Артынша есінен танып, құлап қалған. Куәгерлер алғашында оны жүрек талмасы болуы мүмкін деп ойлаған. Бірақ жас жігіт жедел жәрдем жеткенге дейін көз жұмды.
Марқұмның жақындары егер сол сәтте жанында тұншығу кезінде алғашқы көмек көрсете алатын адам болғанда, оны аман алып қалуға болар еді деп есептейді.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер тарай бастады. Пайдаланушылардың бірі, хирург dr.umirzak жігіттің белгілеріне назар аударып, оның ауыр аллергиялық реакция болуы ықтимал екенін жазады.
«Тамақтан кейін кенеттен құсу басталып, жағдайы нашарлап, артынан есінен танған. Анафилаксия кезінде мұндай жағдай болуы мүмкін. Өйткені ол кезде қан қысымы күрт төмендеп, тыныс алу бұзылады. Көп адам анафилактикалық шокты тек бөртпе немесе ісінумен байланыстырады. Бірақ кейде бәрі өте жылдам дамиды — әлсіздік, құсу, естен тану, тіпті бірнеше минут ішінде жүрек тоқтап қалуы мүмкін. Попкорнның өзі, майы, ароматизаторлары немесе қоспалары да күшті аллергиялық реакцияның триггері болуы ықтимал», – деп жазды желі қолданушысы.

Тағы бір қолданушысы Feat_of_faith бұл тұншығу емес екенін жазады.
«Егер попкорн тыныс жолын жауып қалса, ол орнынан тұрып, дәретханаға барып үлгермес еді. Бұл попкорнның өзінен болған басқа реакция сияқты», – дейді ол.
Сондай-ақ ол бес жасар ұлының да попкорн жегеннен кейін жағдайы күрт нашарлағанын баяндаған. Оның айтуынша, баласы түсте жеген, кешке қарай ішінің қатты ауырғанын айтып жылай бастаған. Кейін тоқтаусыз құсып, екі рет ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған, ал анализдер ешқандай вирус анықтамаған. Бала тек 10 күннен кейін ғана қалпына келген. Сондықтан қайғылы жағдай попкорннан болуы мүмкін деп есептейді.
Оқиға орнында болған куәгерлердің бірі Мұратжан Советханұлы albbkov сол күнгі жағдай туралы пікір жазды. Оның айтуынша, кино басталғаннан шамамен 10 минут өткен соң артқы қатарда отырған қыз көмек сұрап айқайлаған.
«Бірден кинотеатр қызметкерлерін шақырып, қолдан келгенше алғашқы көмек көрсеттік. Жүрекке жанама массаж жасап, жасанды тыныс беруге тырыстық. Сонымен бірге жедел жәрдем шақырып, Forum әкімшілігінен медицина қызметкерлерін шақыруды сұрадық. Бірақ бізге “бүгін жексенбі болғандықтан, медицина қызметкерлері жұмыс істемейді” деп жауап берді. Адам ең көп келетін күні медициналық қызметкердің болмауы — нағыз жауапсыздық», – дейді куәгер.
Оның сөзінше, шамамен 15 минуттан кейін ақ халаттағы әйел келген. Куәгер оны сауда орталығының медицина қызметкері болуы мүмкін деп болжайды. Бірақ ол кезде жігіттің жүрек қағысы сезілмеген.
«Әрине, ажал айтып келмейді. Бірақ бұл жағдайда Forum тарапынан да жауапкершілік бар. Қоғамдық орында алғашқы көмек көрсете алатын мамандар міндетті түрде болуы керек», – дейді оқиға куәгері.

Мамандардың айтуынша, мұндай төтенше жағдайларда адамдар жиі абдырап, не істеу керегін білмей қалады. Марқұмның туыстары да егер жанында алғашқы көмек көрсетуді білетін адам болғанда, жігіт аман қалуы мүмкін еді деп санайды.
Сондықтан алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету дағдыларын әр адам меңгеруі маңызды. Себебі дәл алғашқы минуттарда жасалған дұрыс әрекет адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.