Жарияланды: 770

Шымкентте адамдардың бруцеллез ауруын жұқтыру көрінісі арта түсуде

Шымкентте адамдардың бруцеллез ауруын жұқтыру көрінісі арта түсуде. 2003-жылдың 5 айында қала бойынша бруцеллез жұқтыру оқиғасы 35 мәрте тіркелсе, өткен жылы осы мерзімде бұл сан 28 болатын. Бұл туралы қалалақ денсаулық сақтау басқармасының бастығы Марат Момынов KZ-today тілшісіне хабарлады.

Ал жалпы облыс көлемінде үстіміздегі жылдың 5 айында адамдардың бруцеллез ауруын жұқтыру көрінісі 333 мәрте тіркелді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 35,2 процент артық. М.Момыновтың айтуынша, әсіресе Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Созақ, Қазығұрт және Төле би аудандарындағы ахуал ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Ауру тиісті деңгейде жылумен өңделмеген ет және сүт тұтыну салдарынан , немесе малдарды күтіп-баптайтын құралдар арқылы жұғуы мүмкін. Сүт өнімдерін мүлдем бақылаусыз сату көрінісі мамандардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Осыған байланысты полиция мен мүдделі барлық мекемелер таңертеңгісін жеке сатушылардың қолындағы сүт өнімдерін тексеруде. Облыстық тазалық-індет қызметі төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Сария Өтебаеваның айтуынша, бруцеллез тауқыметін шешу үшін төрт қадам жасау керек. Атап айтсақ, біріншіден, мал дәрігерлік қызметтер мал санағын дәйекті жүргізіп, ауруды анықтау көрсеткішін арттыруы қажет. "Белгілі деректерге жүгінсек, малдың бруцеллезге шалдығу көрсеткіші төмен, сөйте тұра індетті жұқтырған адамдар саны барған сайын арта түсуде",- деді С.Өтебаева. Екіншіден, қолындағы малдан айрылуды қаламайтын ауыл тұрғындары малдың бруцеллезбен ауыратындығына күдіктене отырсадағы оны жасырып қалуға тырысатындықтан, мал иелеріне төленетін өтемақы мәселесін реттеу дұрыс. Үшіншіден, шұжық цехының негізінде, орталықтандырылған мал сою жүйесін енгізу талабы қойылып отыр. Төртіншіден, мұндай малдардың етін мұқият өңдеу керек. Жеткілікті мөлшерде жылулық өңдеуден өткеннен кейін еттен бруцеллез жұғады деп қауіптенбеуге болады. "Осындай шараларды кешенді түрде қолданған жағдайда ғана бруцеллез мәселесін түбегейлі шешуге болады",- деді С.Өтебаева.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть