Жарияланды: 780

Синтетикалық есірткі затын сату үшін «ICQ» мен QIWI-әмиянды пайдаланған екі қылмыстық топ құрықталды

Синтетикалық есірткі затын сату үшін «ICQ» мен QIWI-әмиянды пайдаланған екі қылмыстық топ құрықталды

«ICQ» арқылы тапсырыс қабылдап, QIWI-әмиян арқылы синтетикалық есірткі затын сатып келген екі қылмыстық топ құрықталды.

Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің басшысы, әділет генерал-майоры Сұлтан Күсетов мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, есірткі бизнесіне қарсы күрес саласында соңғы уақытта интернет ресурстарын пайдалана отырып, синтетикалық есірткі заттарын сату өзекті проблемаға айналып бара жатыр. Қылмыскерлер есірткі сатуда тіпті ақшаның электрондық аударым жүйесі - QIWI-әмияндарды да қолдануға көшкен.

«Ұзақ уақыт бойы атқарылған  жұмыс нәтижесінде 30 шілдеде арнайы құрылған сайт арқылы есірткі таратумен үш ай бойы айналысқан екі қылмыстық топ құрықталды. Қылмыстық топ телекоммуникациялық желі арқылы тапсырыс қабылдап, төлемді жоғары технологиямен өте күрделі комбинациялар бойынша есірткі өткізудің сан түрлі әдістерін қолданған. Олар «ICQ - messenger» жабық хат алмасу жүйесін қолданған. Бұл жүйе қорғанысының  «WhatsApp» және «Viber» қарағанда деңгейі жоғары. Ұйымдасқан қылмыстық топ қылмыстық байланыстарды пайдалана отырып, тұрақты клиенттерден «ICQ» арқылы тапсырыс қабылдап, сол арқылы орындаған. Жеткізушілерге сенімді топтан тексерілген адамдар ғана шыққан. Соған қарамастан,  мұқият және жедел әзірлену барысында олардың қылмыстық ойлары әшкереленді», - деді Сұлтан Күсетов.

Оның сөзіне қарағанда, арнайы операция барысында сату мен жеткізу арнасын ұйымдастырушылар, делдалдар, сондай-ақ синтетикалық есірткі сатып алатын тұрақты клиенттердің ауқымы анықталған.

«Шілденің 30-ынан 31-іне қараған түні 20-30 жас аралығындағы 11 адам ұсталды,  оның үшеуі ер адам,  тоғызы әйелдер. Көбінің білімі жоғары, кейбірі Еуропада - Лондонда және басқа да қалаларда оқыған. Олардан 27 грамм кокаин және «Экстазидың» 40 таблеткасы тәркіленді. Есірткі тұтынған бір қызда аллергиялық реакция болып, бет-жүзі ісініп кетті. Оған дереу алғашқы көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді», - деді С. Күсетов.

Оның сөзіне қарағанда, ұйымдастырушылар мен делдалға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалған. Ұсталғандар уақытша ұстау абақтысына қамалған. Ал анықталған 30 есірткі пайдаланушыға қатысты профилактикалық жұмыс жүргізілген.  

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін