Сочидегі сайысқа сай тасындай іріктеліп аттанған қазақ елінің оғландарын паралимпиада қалашығы құшақ жая қарсы алды. Сырнайлатып кернейлетіп кірген спортшыларымызға жиылған жұрттың назары ерекше.
Санаулы сәттік ресми бөлім мадиықталған соң спортшыларға Олимпиада қалашығында толықтай еркіндік берілді. Суретке түсті, пікір алмасты ертеңгі қарсыластарымен. Өзара көрген білгендерін ортаға салды.
-Төрт жылда бір рет төркүл дүниенің сен тұр мен атайын дейтін сайыпқыран спортшыларын жинайтын паралимпиада ойындары бүгін ресми жалауын желбіретті. Сочидегі сайысқа сақадай сай спортшыларын ерте келген қатысушы 45 ел Олимпиада қалашығында өз туларын тікті. Бүгіннен бастап мұнда қарақұрым қараша, қауырт қызмет. Айта кетейік, бұған дейінгі паралимпиада ойындарында бір ғана лицензияға қанағат қылып келген Қазақ елінің намысын бұл жолы бес бірдей спортшы қорғамақ.
1994 жылдан бері жалғыз спортшыны жарысқа салып келген қазақ елі үшін мұның өзі орасан жетістік екені әмбеге аян. Бірақ қолда барға тоқмейілсіп отыру жігерлі қыз жігіттерге сын деп салды паралимпиадашыларымыз үшін тақымдарын қысып отырған жауаптылар.
Дархан Қалетаев, Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті:
—Спортшылардың дайындықтары жоғары деңгейде. Мен ойлаймын біздің спортшылар өздерін әлі де көрсетеді. Мүмкін бұл олимпиада да біз жүлде ала қоймаспыз. Бірақ алдыңғы олимпиадаларға біз жақсы дайындықпен келе жатырмыз.
Қазақтың көк туын паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында желбіретіп шығатын Ерлан Омаров ертеңгі күнге нық сенімді, тісқаққан спортшы Сочиден құр қайтпақ емес.
Ерлан Омаров, шаңғышы:
—Осы күзден бастап дайындалғанбыз, дайындық жақсы. Шетелдерге барып қайттық, кішкене біз екі қадам болса да алға аттадық. Ұйымшылдық бізде жақсы, сондай үлкен емес командамыз өзі бес адамнан тұрамыз. Бір бірімізбен ақылдасып сөйлесеміз.
Бес спорт түрінен өтетін Сочидегі ХІ паралимпиадаға жалпы 600-дей спортшы жеткен.72 медаль жиынтығын сарапқа салынбақ. Ашылу салтанаты таяған сайын қаладағы қозғалыс баяулады, қалалықтар қапылып көбісі жаяу діттеген жерлеріне жетуге асық. Кеше ғана жұрт кедергісіз жөңкілген Олимпиада паркіне кіру тұрмақ бұл маңнан өтудің өзі арнайы рұқсаты жоқ жандар үшін мұң. Тәртіп таң атысымен тым қатал.
—Олимпиада паркіндегі қарбалас қапталдағы өзге ғимараттарға да қатысты. Санаулы минуттансоң ХІ паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты мына Фишт стадионында өтпек. Бұл маңға ішке кіруге ниетті көрермендер таң алакеуімнен бастап жиналуда. Бірақ ресми шараға қатысуға құқық беретін билеттер сатылымда мүлдем қалмапты. Паралимпиаданың ашылу салтанаты жергілікті уақыт бойынша кешкі жетіге белгіленген, бұл Астана уақытымен санасақ сағат 21-00-де.