Жарияланды: 440

Солтүстік Қазақстан облысында қою түтін салдарынан бір адам жол апатына ұшырап мерт болды

Солтүстік Қазақстан облысында бір адам жол апатына ұшырап мерт болды. Полицейлер бұл апаттың себебін облыс аумағын тұмшалап алған қою түтін салдарынан жолдардың бойындағы көзге көрінер аумақтың азаюымен байланыстырады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық ІІББ-ның баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлады.

11-қазанда кешкі сағат 18 шамасында Майбалық-Сейфуллино тас жолының бойында М.Жұмабаев атындағы аудан аумағында тізгінінде осындағы бір шаруа қожалығының басшысы отырған "ВАЗ-2105" автокөлігі "Москвич" автокөлігімен соқтығысып қалған. Апат салдарынан "ВАЗ-2105" автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында мерт болып, екінші зардап шегуші ауруханаға жеткізілді. Ал 14-қазанда өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бастығы Марат Мұсабаев журналистерге облыста төтенше жағдай жариялаудың қажеті жоқ, өрттің алдын алуға шаралар қолданылса жетіп жатыр деп мәлімдеді. Осындай шара ретінде құрғақ шөпті, түскен жапырақтар мен шабылған шөптің жұрнақтарын өртеуге төтенше тапсырма берілгенге дейін уақытша тыйым салынды. Тәртіп бұзушыларға айыппұл салынбақшы. Соған қарамастан тек соңғы екі тәулікте Солтүстік Қазақстан облыстық өрт сөндіруші бригадалар қамыс, қоқыс және құрғақ шөп тұтанған өрт ошақтарына 25 мәрте шақырылды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазір Петропавлдың үстін қою түтін басып тұр. Күн райы онымен күреске жол бермей отыр: жел шықпаған кезде ауаның жылы бөлігі атмосфера аясында қозғалысқа түспейтіндіктен оның төменгі бөлігінде ағзаға улы заттар жинақталады. Санитарлық дәрігерлердің Петропавл ауасынан алған сынамаларының талдамасы ауадағы көмірқышқыл газының мөлшері шектеулі шамадан 3 есе артқанын айғақтады. Улы заттардың әсерін жүрек-қан тамыры және тыныс жолдары ауруына ұшыраған адамдар артықша сезініп отыр. Ағзадағы көмірқышқыл газының мөлшері артуы оттектік аштыққа душар ететіні белгілі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін