Жарияланды: 610

Соңғы 6 айда Алматыда 1031 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 75 адам мерт болған

Соңғы 6 айда Алматыда 1031 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 75 адам мерт болған

Ағымдағы жылдың соңғы 6 айында Алматыда 1031 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 75 адам қайғылы қазаға душар болса, 1105 адам түрлі дене жарақатын алған.

Бұл жайында Алматы қаласы ІІД-нің Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Мәлімет бойынша, оның ішінде балалардың қатысуымен 122 оқиға тіркеліп, 6 бала қаза тауып, 122 бала түрлі дене жарақатын алып ауруханаға түскен. Орын алған жол апаттарының саны былтырғы жылдармен салыстырғанда төмен, дегенмен де оның себептері жылдан жылға қайталануда. Ол балалардың жол үстінде ойнаулары, жақында келе жатқан автокөліктің алдын кесіп өтуі, жолдың жиегінде тұрған автокөліктің тасасынан жолға жүгіріп шығу, белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, жол бойында ойнауы болып отырған көрінеді. Соған орай жол полиция басқармалары қала көлеміндегі автомобиль жолдарындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол апаттарының алдын алу, жасөспірімдер жарақатын азайту және балалар арасында жол қозғалыс ережесін насихаттау мақсатында республика мен қала аумағында түрлі кешенді алдын алу шаралар өткізуде. Жазғы демалыс кезінде көше мен жол бойы балаларға толы болатыны белгілі. Тәжірибе мен статистика көрсетіп отырғандай, дәл осы жаз мезгілінде балалардың жолда зардап шегу деректері көбейеді. Оған себеп, көп жағдайда, жас балалар мен жасөспірімдер өз-өздеріне беріліп, үлкендердің қарауынсыз қалып жататындығы және жолда жүру ережелеріне азаматтардың атүсті қарауы болып отыр. Бұл жайт жол полицейлердің жұмысын қиындатады, алаңдатуда. «Құрметті жүргізушілер және жаяу жүргіншілер, жолда балаларға деген назарды бұрынғыдан да күшейтіп, олардың көп шоғырланатын жерлері мен мектеп маңайларында, жаяу жүргіншілер өткеліне аса сақ болып, көліктеріңізді мүмкіндігінше жай жүргізуді ұмытпаңыздар. Жол үстіндегі балаларымызға көңіл аударып, қастарынан өтіп кетпей, жолдан өтуге көмектесіп, оларға қауіпсіздігіне мән беріңіздер!», -дейді Алматы қаласы ІІД-нің Жол полициясы басқармасының бастығы полиция полковнигі Арман Сарбасов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін