Сот Ираннан келген қазаққа азаматтық беруден бас тартуды қолдады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сот Ираннан келген қазаққа азаматтық беруден бас тартуды қолдады

Сот Ираннан келген қазаққа азаматтық беруден бас тартуды қолдады

Ақтау қалалық №2 соты Ираннан келген этникалық қазақ Исрафил Багидің Маңғыстау облыстық көші-қон қызметінің өзіне азаматтық бермеу және тұрақты тіркеуден алып тастау туралы шешіміне берген шағымын қанағаттандырмады.

  • 5 Шiлде 2017
  • 14759
Фото - Caravan.kz

4 шілдеде күні бойы өткен жабык сот процесінде кешке қарай №2 Ақтау қалалық сотының судьясы Ақмарал Ахметова Исрафил Багиге азаматтық беруден бас тартып, тұрақты тіркеуден алып тастау туралы көші- қон полициясы шығарған шешімді қолдайтынын жария етті.Сот процесіне Азаттық тілшісі де, ирандық оралманды қолдап облыс орталығынан 160 километр жердегі Жаңаөзен қаласынан келген ондаған адамдар да сотқа кіргізілмеді.

Исрафил Багидің заңды өкілі Ағысбек Төлегеновтың айтуынша, сот Баги білдірген алты өтінішін де қанағаттандырмаған.

— Біздің Маңғыстау облыстық және Ақтау қалалық көші-қон қызметінің әреетін заңсыз деп тану туралы өтінішімізді қанағаттандырмады. Іс жүзінде көші-қон полициясы үш жыл сегіз ай оны әуре сарсаңға салып, заңсыз түрде азаматтық бермеді, — дейді Ағысбек Төлеегенов.

Ағысбек Төлегенов, Исрафил Багидің қорғаушысы. Ақтау, 4 шілде 2017 жыл.

Ағысбек Төлегенов, Исрафил Багидің қорғаушысы. Ақтау, 4 шілде 2017 жыл.

Исрафил Баги Қазақстанға 2013 жылы көшіп келген соң Жаңаөзен қалалық мешітінде, Маңғыстау облыстық дін істері жөніндегі департаментте қызмет атқарған. Оның үш баласы бар. Маңғыстау облыстық көші-қон қызметі оған және оның жұбайына Қазақстан азаматтығы берілмейтінін хабарлаған. Оған негіз ретінде көші-қон полициясы "Қазақстан азаматтығы туралы" заңның "террорлық және экстремистік ұйымдарға кірген немесе сотталған, өзі туралы жалған мәлімет берген не қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырмағандарға" Қазақстан азаматтығы берілмейтіні айтылған бесінші және сегізінші тармақтарына сілтеме жасаған. Ал кейін Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон қызметі бөлімі "маусымның 30-ына дейін Қазақстаннан өз еркімен шығып кетпесе депортацияланатыны" туралы ескерту берген. Көші-қон қызметінің 2017 жылғы мамырдың 30-ы күні жолдаған соңғы хабарламасында Исрафил Багиге Қазақстанда тұрақты тұруына берілген рұқсаттың күші "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 49-бабының 9 бөлігінің 1-тармағы негізінде жойылғаны" жазылған. Заңның ол бабында "ұлттық қауіпсіздік органдарында экстремизмге немесе террорлық іс-әрекетке қатыстылығы туралы мәліметтер болған" жағдайда Қазақстанға көшіп келушілерге ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат берілмейтіні, немесе бұрын берілген рұқсаттың күші жойылатыны айтылған.

Ағысбек Төлегенов көші қон полициясы сотта сілтеме жасаған осы баптардың Қазақстан конституциясына қайшы екендігін айтып, оны өзгертуді сұрап конституциялық кеңеске ұсыныс беру туралы талап білдіргенін де айты. Оның сөзінше, сот бұл талапты да қанағаттандырмаған.


— Біздің талап арызымызда осы екі бап оралмандардың азаматтық алуына бірден бір кедергі екені айтылған. Сот оны аттап кете алмайды. Қазақстанда оны шешудің басқа жолы қарастырылмаған. Біз тікелей парламент депутаттарына өтініш жасай алмаймыз, — дейді Ағысбек Төлегенов.

Қорғаушы Исрафил Багиге Қазақстан азаматтығын бермей, оны елден шығаруды мақұлдаған сот шешімімен келіспейтіндерін, келесі сот инстанциясына шағымданатындарын да мәлімдеді.

— Алда апелляция, Жоғары Сот, одан қалса халықаралық Страссбург соты бар. Соған жүгінеміз. Себебі Казақстан ратификациялаған адам құқығы туралы заңдардың бірде бірі орындалып тұрған жоқ, — дейді Ағысбек Төлегенов.

Соңғы жаңалықтар