Жарияланды: 540

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Ертең Астанада жасөспірімдер арасында бокстан әлем чемпионаты жалауын көтереді. Астана шаршы алаңында 42 елдің құрама командалары сапында 380 боксшы күш байқасады. Әлемдік доданың ақтық бәсекелері 30-шілдеге жоспарланған.

Бүгін әлем чемпионатына байланысты арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жиынға Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Чинг-Куо Ву, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Данияр Әбілғазин және АИБА атқару комитетінің мүшесі Серік Қонақбаев қатысты.

Серік Қонақбаев, АИБА атқару комитетінің мүшесі:  

-Қазақстан үшін бұл чемпионаттың мәні зор. Ел болып абыроймен атқарып шығатынымызға сенімдімін. Чемпионат 13 салмақ категориясы бойынша өтеді. Жарыс ережесіне сәйкес жас боксшылардың жекпе-жегі 2 минуттық 3 раундтан тұрады. Бәріңізді Астана шаршы алаңындағы қызықты бәсекелерді тамашалуға шақырамын”  

Екі ойын нәтижесі бойынша Венгрияның “Кечкемет” клубынан басым түскен “Ақтөбе”, Лига Еуропаның үшінші іріктеу раундына жолдама алды. Екі клуб арасындағы алғашқы бәсеке 1:1 есебімен аяқталса, Ақтөбедегі қарымта матчта есеп ашылған жоқ. Нәтижесінде сырт алаңда соғылған доп қазақстандық клубқа жарыстың келесі сатысына жол ашты. 

Стадион толы көрермендердің демеуімен алға ұмтылған алаң иелері, ә дегеннен қонақтардың қақпасын нысанаға ала бастады. Бірінші болып  “Кечкеметтің” қақпашысы Ладислав Рыбанскидің шама-шарқын байқаған  команда капитаны Самат Смақов болды. Оның орындауындағы айып добын Рыбански қақпаға дарытқан жоқ. Көпке дейін тізгінді қолдан шығарамаған “Ақтөбенің” үзіліске дейін есеп ашатын мүмкіндіктерді де болды. Алма-кезек шабуылға жалғасқан екінші таймда да екі жақтың қорғаныс шебі сыр бере қойған жоқ. Өз кезегінде венгриялық аяқдопшылар да “Ақтөбенің” айып алаңында бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастыра білді.

Томислав Сивич, “Кечкемет” клубының бас жаттықтырушысы:

- Біздің үш рет гол соғатын мүмкіндігіміз болды. Бірақ ол әрекеттерімізден нәтиже шықпады.  Ал, “Ақтөбе” анау айтқандай өткір шабуыл ұйымдастыра алған жоқ. Дегенмен екі ойын нәтижесі бойынша олар жарыстың келесі сатысына көтерілді. Мен оларды осы жеңістерімен құттықтаймын.

Владимир Муханов, “Ақтөбе” клубының бас жаттықтырушысы:

-Менің ойымша екі команда да Еуропа лигасының келесі раундына ойнауға лайық өнер көрсетті. Сауатты да әдемі ойынымен ерекшеленген  “Кечкемет” еуропалық деңгейдегі  клуб екенін байқатты. Біз өзіміздің мәнерден ауытқыған жоқпыз. Жалпы алғанда екі кездесуде де тең ойын тіркелді. Бірақ сырт алаңда соққан жалғыз голымыз бізге келесі айналымға жол ашып берді. Мен осыған қуаныштымын.

Енді “Ақтөбе” Еуропа лигасының үшінші іріктеу раундында, былтыр Ресей премьер-лигасынан түсіп қалған Владикавказдың “Аланиясымен” күш сынасады.

Ал еурокубок жолындағы қалған командаларымыз келесі кезеңге өте алмады.Бірінші ойындағы ұтыстан кейін  жалпы есептегі жеңіске бір табан жақын тұрған павлодарлық «Ертіс» тамаша мүмкіндікті жіберіп алды. Олар өз алаңында өткен қарымта матчта 0:2 есебімен Грузияның Рустави қаласынан келген «Металургке» жол берді.  Ирландияда жергілікті  «Сент Патрикс» командасына 2:0 есебімен есе жіберген Қарағндының “Шахтері” де  қоос ойын қорытындысы бойынша  турнирден тыс қалды.

Биылғы “Тур де Франсқа” үміткерлердің бірі болып келген люксембургтік велошабандоз Анди Шлек, 18-ші кезеңде басты қарсыластарын дүр сілкіндірді. 200 шақырымды құраған таулы жолдағы кезеңде бірінші орынды иеленген Анди , осы жеңістен кейін   жалпы есепте екінші, ал ағасы Франк Шлек үшінші сатыға көтерілді. 

Бұл күні  велошабандоздар үш бірдей  жоғары дәрежелі асуларды басып өтті.  Соның алғашқысы  һәм биылғы турдағы ең биігі Коль Аньель асуына бірінші жеткен біздің  астаналық велошабандоз Максим Иглинский болды. Мұнымен тоқтамаған жерлесіміз екінші асу Коль д Изоарды да бірінші болып бағындырды. Бірақ Максимнің бүгінгі ерлігі осымен шектелді.  Есесіне,  өз кезегін күткен ағайынды Шлектер осы асуда өз жоспарларын іске асырып кетті. Жылт етіп көптің ішінен сытылып  шыққан Анди Шлектің артынан қуған ешкім болмады. Осы кеткеннен мол кеткен кіші Шлек , жол-жөнекей өзгелерді басып озған бойы мәреге бірінші жетті. Істің насырға шапқанын сезген  лидер Томас Феклер, әупірімдей жүріп үстіндегі сары жейдені сақтап қалды.   Ендігі жерде көш басындағы Томас Феклер мен екінші орынға шыққан Анди Шлек арасындағы уақыт айырмашылығы бары-жоғы 15 секундқа тең.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін