Үшінші тур аясындағы алғашқы кезеңнің шымылдығы Куба — Бразилия матчымен ашылады. Одан кейін жарыс алаңында Қазақстан –Голландия құрамалары кездеседі. Жалпы 2013- жылғы Гран-Приде 20 елдің ұлттық құрамалары финалдық раундтың бес жолдамасы үшін таласуда. Турнир кестесіне зер сала кетсек, еліміздің волейболшылары әзірге 17- орында келеді. Мұндай мәртебелі турнирді қазақ елі осымен екінші рет қабылдап отыр.
Жеңіл атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатының кезекті жарыс күні алты медальдар жиынтығы өз иелерін тапты. Биіктікке секіруден сынға түскен атлеттер додасында украйналық Богдан Бондаренко ерледі.
23 жасар украйналық жеңіл атлет Лужникиде 2 метр 41 см биіктікті бағындырды. Бұл әлем чемпионаттарындағы ең үздік көрсеткіш. Мұнымен шектелмеген жаңа чемпион әлем рекордын жаңартуға әрекет жасап көрді. Бірақ 2 метр 46 см биіктікті ала алмады. Күміс жүлде катарлық Мутаза Эсса Баршимаға бұйырса, канадалық Дерек Друин Мәскеуден қола медаль арқалап қайтты.
Осы күні өнер көрсеткен қазақ атлеттері алысқа бара алмады. Биіктікке секіруден 1метр 88 см бағындыра алмаған Марина Айтова финалдық кезеңге шыға алған жоқ. Осы жылы Универсиада чемпионы атанған Маргарита Мұқашева мен тағы бір желаяғымыз Викторя Зябкина да алғашқы іріктеу сынағынан өте алмады.
Үш қарғып секіруден жарысқан әйелдер бәсекесінде колумбиялық Катерин Ибарген үздік шықты. Ол финалдық раундтағы әрекеттерінің бірінде 14 метр 85 см қашықтыққа қарғыды. Жеңімпазға 4 см ұтылған ресейлік Екатерина Конева күміс, ал мәртебелі үшінші орынды украйналық Олга Саладуха иеленді. Жалпы командалық есепте әзірге 14 медаль иемденіп үлгерген АҚШ құрамасы алда келеді. Олардың есебіндегі алтынның саны төртеу. Екінші орынды қоржындарына үш алтыннан салған Кения мен Ресей бөлісіп тұр.
Футзалдан «Львовтың ашық кубогы» жолындағы турнирге қатысып жатқан Қарағандының «Шахтері » бүгін өзінің үшінші ойынын өткізеді. Бұл жолы қарағандылық футболшылар Латвия астанасы Риганың «Никарс» клубымен кездеседі. Жерлестерімізге ақ жол дей отырып сіздермен қоштасамын.