СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+34 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

СПОРТ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда Фарерь құрамасымен кездеспек. Бұл матч Астана уақытымен түнгі сағат 11:00 де басталады. Ал Алматыда Беларусь құрамасын қабылдаған 21 жасқа дейінгі командамыз қонақтарға 1:2 есебімен жол берді.

  • 12 Қазан 2013
  • 255
Фото - Caravan.kz

Бірінші таймның басында орталық қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған Беларусь құрамасының ойыншысы Павел Савицкий есеп ашқан. Көп ұзамай қонақтар қорғанысы да сыр берді. Қақпашымен бірге-бір шыққан Бауыржан Исламхан есепті теңестірген. Алайда Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покалатилов алыстан бағытталған допқа тосқауыл бола алмады. Айып добын шебер орындаған Максим Володько. Қортынды есеп 1:2 қонақтардың пайдасында. Бұл сәтсіздіктен кейін жастар құрамасының бас бапкері Сергей Боровский қызметінен босатылды.        

 

 

Шайбалы хоккейден Құрлықтық лиганың шығыс конференциясының  көшбасшысы “Барыс” биылғы маусымда жанкүйерлер мен мамандарды таңдантыруда. Кезекті ойын күні Гагарин Кубогының екі дүркін жеңімпазы мәскеулік “Динамоны” қабылдаған Ари-Пекка Селин шәкірттері жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ.

Алғашқы кезеңде алма кезек шабуылдаған командалар есеп ашпады. Бірақ үзілістен кейін қарымта шабуылға нүкте қойған Алексей Цветков қонақтарды алға шығарды. Айдын иелері де қарап қалған жоқ. Қақпаның жоғарғы бұрышын дәл көздеген Артемий Лакиза болатын. Осыдан кейін шабуылда ширақ ойын көрсеткен “Динамо” Еремеев қақпасына қос шайба тоғытты. Қиын жағдайда қалған астаналықтарды Роман Старченко мен Дмитрий Уппердың голдары құтқарды. Ойынның негізгі уақыты және овертаймда да есеп өзгерген жоқ. Ал буллит сериясында “Барыс” жеңісті тойлады.         

   


 

Қытайда  Әлемдік Турдың биылғы маусымдағы соңғы додасы өтуде. Отандық велоклубты аспанасты еліндегі турға осы доданың былтырғы жүлдегері Франческо Гавацци бастап шығады. 

Бейжің тур  италиялық велошбандозға  жақсы таныс. Өткен жылы  Франческо Гавацци Ұлы Қытай қабырғасы арқылы өрбіген таулы кезеңде үздік нәтиже көрсеткен. Бірақ  жалпы есепте алдына  неміс Тони Мартинді  жіберген Гавацци мәртебелі турдың күміс жүлдесін иеленген еді.  Алдағы Бейжің турда Гавацциге көмектесетін команда сапында Валерио Аньоли мен Симоне Понци сондай-ақ Борут Бозич пен Яни Брайкович бар. Қазақстандықтар ішінен Арман Қамышев пен Руслан Тілеубаев та жарыстан шет қалмаған. Бес кезеңнен тұратын Бейжің Тур 15-ші  қазан күні мәресіне жетеді.