Сөйтсек, әліптің артын баққан ресейлік хоккейшілер өз сәтін күткен екен. Алғашқы үзілістен кейін құлпырып шыға келген қонақтар «Барыстың» қақпасына жауапсыз үш шайба соғып үлгерді. Жанкүйерлер үміті шешуші кезеңде де ақталмады. «Барысты» басынған «Трактор» соңғы кезеңде айдын иелерін екі рет ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Тек бір шайбамен жауап қайтарған астаналық хоккейшілер, өз айдынында тағы да ұпайсыз қалды. Бүгінгі сәтсіздіктен кейін шәкірттерін сынға алған Ари –Пекка Селин, келесі матчқа дейін команда құрамы біраз өзгерістерге ұшырауы мүмкін деді. «Барыс» кезекті ойынды ертең «Нефтехимикпен» өткізеді.
Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Тайпейдегі ITF санатындағы сериялық жарысты сәтті бастады. Жүлде қоры 50 мың долларды құрайтын доданың бірінші айналымында Зарина, Гонгонк теннисшісі Чин Ву Ходан басым түсті.
Қытайлық теннисші жерлесімізге айтарлықтай қарсылық көрсетіп жарытпады. Қарсыласына екі сеттің әрқайсысында тек бір геймнен берген Зарина Дияс айқын жеңіске жетті. Дәстүрлі турнирдің келесі айналымында Зарина голландиялық Лесли Кирхофпен күш байқасады. Өз кезегінде жауқазын елінің теннисшісі осы күні тайпейлік шебер Хао-Чин Чанннан алда болды.
ФИФА әлемнің ең үздік футболшысы атағына лайық деген 23 ойыншыны таңдап алды. Халықаралық футбол қауымдастығы мен “France Football” басылылымы іріктеген тізімнің ішінде өткен маусымда чемпиондар лигасының жеңімпазы мюнхендік “Баварияның” алты бірдей ойыншысы бар.
Олар Филипп Лам, Томас Мюллер, Бастиан Швайнштайгер, Мануэль Нойер, Арьен Роббен және Франк Рибери. Сондай-ақ өткен маусымда нәтижелі ойынымен есте қалған Гарет Бейл, Радамель Фалькао, Златан Ибрагимович, Роберт Левандовский сынды талантты ойыншылар да назардан тыс қалмапты. Үздіктер қатарынан әдеттегідей “Барселона” ойыншылары да кіріп отыр. Басты жұлдыздар Криштиану Роналду мен Лионель Мессиде 23 футболшының ішінде. Желтоқсанның басында ФИФА дауыс беру арқылы осы тізімнен оза шапқан үштікті анықтайды. Ал қаңтардың 13 де әлемнің үздік футболшысы мен бапкерін білетін боламыз. Естеріңізге сала кетсек бұл бағалы марапатқа үш жыл қатарынан аргентиналық шебер Лионель Месси лайық деп танылған.